Қоғам

Вагулино ауылының тұрғындары сайлаудан қалыс қалмады

Сайлаудан Вагулино ауылының тұрғындары да қалыс қалмады. №278 дауыс беру учаскесіне 413 адам тіркелген. Таңертең халықтың бір бөлігі өздері қалаған үміткерге дауыс берді.

ЛЮДМИЛА ТЕРЕХОВА, №278 сайлау комиссиясының төрағасы, Қызылжар ауданы:

— Таңнан бері адамдардың 25 пайыздан астамы дауыс берді. Кейбірі отбасыларымен келіп жатыр. Түске дейін халықтың жартысынан көбі таңдау жасауға келеді деп ойлаймыз. Әрбірінің дауысы маңызды.

Сайлауға түскен үміткерлердің үшеуі де мемлекеттік қызмет саласында үлкен тәжірибеге ие. Бұдан Вагулино тұрғындары хабардар. Әр кандидаттың өмірбаянымен танысқан халық тізгінді еңбекқор әкім ұстағанын қалайды. Олардың кейбірі жаңа басшымен бірге ауылға газ жетсе деген ойда.

ДМИТРИЙ КОРМИН, Вагулино ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

— Бұл менің алғашқы сайлауым емес. Үнемі дауыс беріп, міндетімізді орындаймыз. Бұған дейін үміткерлер келді, өздерінің бағдарламасын таныстырды. Алдағы уақытта уәде етілгендер орындалып, жағдайымыз қазіргіден де жақсы болады деген үміттеміз. Өңірімізге газ жетсе екен. Көгілдір отын келсе, біраз мәселе шешілер еді.

Валентина Яковлева да ауылда оң өзгеріс орын алғанын қалайды. Өмір бойы Қызылжар ауданында тұратын қария біраз мәселенің шешілмей тұрғанына қапалы. Түйін тарқату үшін сауатты әрі адал басшы қажет.

ВАЛЕНТИНА ЯКОВЛЕВА, Вагулино ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

— Округта бәрі жақсы. Мен көрші ауылдардың зейнеткерлерімен сөйлесіп тұрамын. Қасымыздағы Кустовое және Краснояркада асфальт төселді, су кіргізілді. Мұндай қуанышты жаңалық біздің ауылда да орын алғанын қалаймыз. Ауылымыз, ауданымыз көркейе берсін!

Вагулино ауылындағы дауыс беру учаскесі тиісті уақытқа дейін жұмыс істеді. Мұнда 413 сайлаушының 290-ы таңдау жасады.

 

Мәдина Қаби, Валерия Сиваш