Сенбі күні Петропавлда кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Таңмен таласа тұрған тұрғындардың бір тобы “Қызылжар Ақбастау” базарына келген. Олар үшін ауылдықтар табиғи азық-түлікті тонналап әкеліпті. Өнім өңіріміздің 2 ауданынан жеткізіліп отыр.
Ауылдықтар картопты молынан әкелгені дұрыс болды. Базар ішіндегі халық уысқа симайтын өнімді жапа-тармағай сатып алды. Бағасы дүкендегіден төмен әрі азық-түліктің бұл түрі жақында ғана жиналған. Дәмі тіл үйіретіні айтпаса да белгілі.
Ал базардың сыртында картоп тиелген жүк көлігі тұрды. Бұл жерде өнім қаппен немесе үлкен полиэтилен пакетпен сатылды. Қаланың қақ ортасы, әрі-бері жүрген тұрғындарда есеп жоқ. Кәсіпкерлер үшін сауда сәтті болды.
АСХАТ РАМАЗАНОВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:
— Картоп – әлеуметтік маңызы бар тауардың бірі. Жыл басынан бері ұйымдастырылған жәрмеңкелерде 20 тоннадан астам өнім сатылды. Қаладағы дүкендерде оның келісі 300-350 теңге тұрады, ал бұл жерде 200 теңгеге алуға болады. Осыны жерлестеріміз білсе, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне ұдайы келсе екен дейміз. Ағымдағы жылы облыста 8,6 мың гектарға картоп егілді. Жиналатын өнім солтүстікқазақстандықтарға толығымен жетеді.
Петропавлдағы «Алтын Арман», «Қызылжар Ақбастау» және «Дария» базарына ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі әр сенбі сайын өтеді. Жыл басынан бері осындай 81 шара ұйымдастырылып, тұрғындарға жалпы 150 тонна өнім сатылыпты.
Байболат Құлтанов