Петропавлдың басты алаңында «Көзімнің қарасы» әні бекерден ойнап тұрған жоқ. 10 тамыз – осы әсем туындының авторы Абай Құнанбайұлының туған күні. Ақын, ағартушы, ойшылдың дүние есігін ашқанына тура 180 жыл толды. Атаулы датаға орай теріскейлік зиялы қауым өкілдері мен шаһар тұрғындары және қонақтары “Абай мен Пушкин” ескерткішінің маңына жиналды.
Қазақтың бас ақыны саналатын ұлы тұлғаны еске алу, құрмет көрсету – ұрпақ міндеті. Солтүстікқазақстандықтар композитордың шығармашылығы мен өміріне терең бойлап, ешқашан ұмытқан емес. Жиналған қауым игі дәстүрден жаңылмай қазақ әдебиетінің негізін қалаушы жанның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты.
Аймақ басшысынан кейін көпшілік те ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойып, данышпанның рухына тағзым етті. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікованың сөзінше, биыл Уәлиханов ауданының тұрғыны алтын қорға Абай атамыз жайлы құнды құжатты тапсырыпты.
СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:
— Жерлесіміз архивке Абай атамыздың көз тірісінде жарық көрмеген өлеңдер жинағы мен болыс болған уақыттағы құнды құжаттарын әкеліп берді. Бұл мекеме үшін ең құнды құжаттардың бірі саналады.
Абай мен қазақ – егіз ұғым. Бұл сөзбен қоғам белсендісі Жанат Мұхамеджанов келіседі. Ол ұлт перзентінің есімі қала мен ауыл көшелеріне көптеп берілгенін қалайды.
ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, қоғам белсендісі:
— Абай мұрасы – тәлім-тәрбиеге толы мұра. Абайдың өмірі әлі күнге дейін толық зерттелмеген. Ұлы тұлғаның әр өлеңінде бойға сіңірерліктей өнеге жатыр.
Облыста Абайдың мұрасын дәріптеуге арналған шаралар әлі де өткізіледі. Теріскейліктер тұлғаны ұмытпайды, кең көлемде ұлықтайды.
Нұрасыл Ахмет