БалаларҚоғам

Өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға көмек көрсетілді

Мүмкіндігі шектеулі балалар, өмірлік қиын жағдайға тап болған жеткіншектер және жағдайы төмен отбасылардан шыққан ұл-қыздар. Бұлар ешқашан назарсыз қалмауы тиіс. Бұл бағытта солтүстікқазақстандық жомарт жандар мен партиялар ауқымды жұмыс атқаруда. Тұрақты түрде өскелең ұрпаққа көмек көрсетеді.

Шарапаты мол шараның бірі Мағжан Жұмабаев ауданындағы өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығында өтті. Игі істі “Respublika” партиясының жанындағы “Rewomen” әйелдер бірлестігі мен жомарт жандар ұйымдастырды. Олар ең алдымен ұл-қыздардың ортақ шаңырағына айналған мекеменің тыныс-тіршілігімен танысты. Балаларға жасалған жағдайды көрді.

Шара бағдарламасы қызыққа толы болды. Балаларға арнап көл-көсір дастархан да жайылды.

ЕРКЕШ САҒДЕЕВ, кәсіпкер:

— Көмекке мұқтаж жандар мен балаларға үнемі көмектесіп тұрамын. Жыл басынан бері осындай 10-нан астам шараға демеушілік жасадым.

Ұйымдастырушылар аниматорларды арнайы шақыртқан. Олар 2 сағат бойы ұл-қыздардың көңілін көтерді. Балақайлардың білім деңгейі де тексерілді. Үздіктерге тәтті сыйлықтар табысталды. Жеткіншектердің барлығы шат-шадыман күйде болды.

Қазіргі таңда өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығында 61 бала тәрбиеленіп жатыр. Олардың тағдыры әртүрлі. Бірі жақындарынан айырылса, енді бірінен әке-шешесі теріс айналған.

МЕРУЕРТ РАСҚҰЛОВА, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығы директорының орынбасары, М. Жұмабаев ауданы:

— Орталықтағы 50 бала мектепте оқиды. Жеткіншектермен бас кезінде жұмыс істеу қиынға соғады. Ортаға бейімделгеннен кейін ғана ашыла бастайды.

Мейірімді жандардың тағы бір көмегі – ұл-қыздарды Қазақстанның көрікті жерлерінде қыдырту. Айта кету керек, ағымдағы жылы орталықтың 3 тәрбиеленушісі мектеп бітіріпті. Оның екеуі жоғары оқу орындарына грантқа түсіпті.

 

Нұрасыл Ахмет