Спорт

Мағжан Жұмабаев ауданында “Жастар” облыстық спартакиадасы өтті

Мағжан Жұмабаев ауданында “Жастар” облыстық спартакиадасы өтті. Дүбірлі доданың ашылу салтанаты жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ерекше сән-салтанатымен есте қалды. Театрландырылған көріністер мен өнер ұжымдарының концерттік бағдарламасы көрерменге ерекше әсер сыйлады. Шарада қазақ халқының тарихы кеңінен насихатталды. Айтулы шараның ең есте қаларлық сәті – аудандардың ортаға шығуы. Әр ауданның намысын өңірге, елге танымал спортшылар қорғауда. Бәсекелестік деңгейі жоғары болары сөзсіз.

ТАЛҒАТ САҒИТОВ, Уәлиханов ауданы әкімінің орынбасары:

— Спартакиадаға 34 спортшы алып келдік. Барлығы тыңғылықты дайындалған. Облыстық спартакиадалардан бірде-бір рет қалған емеспіз.

Ашылу салтанатына облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев қатысты. Ол жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі және спортшы жастарға әкімдік тарапынан ұдайы қолдау көрсетілетінін жеткізді.

РУСЛАН ӘЛІШЕВ, СҚО әкімі аппаратының басшысы:

— Болашағымыз жастардың қолында. Өскелең ұрпақ салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданса, еліміздің келешегі жарқын болады, бұзушылықтардың саны азаяды, Қазақстан қарыштап дамиды. Қыз-жігіттерге сәттілік тілеймін! Жарыстың жоғары деңгейде өтуіне тілектеспін! Жарақат алмай, аудандарыңызға жеңіспен қайтыңыздар!

Стадион көрерменге лық толы болды. Көбі – жергілікті құраманың тілеуін тілеп келген жандар. Ашылу салтанаты халықтың көңілінен шықты.

“Жастар” облыстық спартакиадасы спорттың бірнеше түрін қамтыды. Жағажай волейболынан өткен әр кездесу айызды қандырды. Әдемі де жойқын соққыларымен есте қалды. Сайыс қорытындысы бойынша әйелдер арасында шалақындық спортшылар жеңіске жетсе, ерлер арасында алаң иелерінің мерейі үстем болды.

МӘДИ МӘКЕНОВ, төреші:

— Дүбірлі додаға өңіріміздің 13 ауданынан 325 спортшы келді. Спартакиада спорттың 5 түрі бойынша өтуде. Олар: еркін күрес, грек-рим күресі, шағын футбол, жағажай волейболы және жеңіл атлетика.

Ал стадионның мына бөлігінде жеңіл атлетикадан жарыстар өтіп жатыр. Қазіргі таңда ұл-қыздар ұзындыққа секіруден өзара мықтыны анықтауда. Бұл сайыста да жұмабаевтықтардың асығы алшысынан түсті. Қызылжарлық және шалақындық жастар да намысқа тырысты. Нәтижесінде жүлдеге қол созды.

АЗАТ ШӘУКЕРОВ, Шал ақын аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы:

— Спартакиадаға Шал ақын ауданынан 34 спортшы келді. Шағын футбол мен жағажай волейболынан спортшыларымыз жақсы өнер көрсетіп жатыр.

Шағын футбол спартакиаданың одан әрі көркін қыздырды. Жасыл алаңда – шалақындық қыздар мен аққайыңдық арулар. Бұрымдылар ақтық сын жолдамасын сарапқа салып жатыр. Ойын өте тартысты өтуде. Екі команда да бір-біріне дес берер емес. Матч тағдырын қарсыластың қателігін ұтымды пайдаланған шалақындық Сабина Әскердің жалғыз голы шешті.

САБИНА ӘСКЕР, спартакиадаға қатысушы, Шал ақын ауданы:

— Іріктеу кезеңінде есілдік және жұмабаевтық қыздарды ұттық. Басты мақсат – спартакиаданың чемпионы атану. Футболмен айналысып жүргеніме 10 жылдан асты.

3 күнге созылған жарыстың қорытындысы мәлім. Жүлделі үшінші орынды Қызылжар ауданынан келген құрама иеленді. Екінші сатығы шалақындық спортшылар жайғасты. Ал жеңімпаз – Мағжан Жұмабаев ауданы. “Жастар” спартакиадасы – жай ғана жарыс емес, облыстың жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар қыз-жігіттерін анықтауға мүмкіндік беретін дода, жаңа таланттардың бағы ашылатын бәсеке.

 

Нұрасыл Ахмет