Қоғам

Бескөлдіктер аудан әкімі сайлауына белсенді қатысты

Қызылжар ауданында аудан әкімі сайлауы өтті. Бескөліктер таңғы 7-ден таңдау жасады. №269-шы дауыс бері учаскесіне 1680 адам тіркелген. Бұдан бөлек, орталықта тағы 4 учаске бар. Түске дейін біршама тұрғын азаматтық міндетті орындады. “Бескөл нұры” хоры әншілері ұжыммен келуді жөн көріпті. Егде жастағы жандардан құралған топ дауыс бергеннен кейін ән шырқап, халықтың көңілің көтерді.

ЗИЯГҮЛ ЖАПАРОВА, Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

— Елдің азаматы ретінде “Бескөл нұры” хоры мүшелері де келіп, дауысымызды берудеміз. Болашақ әкімге бар үмітімізді артамыз, ауылдардағы басты мәселелерді шешсе екен дейміз.

Алдынғы толқыннан жастар жағы қалыс қалмады. Олар да таңдау жасады. Бұл учаскеде 6 адам алғаш рет дауыс берді.

РОМАН ЭДЕЕВ, Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

— Мен жақында ғана 18-ге толдым. Қазақстанның азаматы ретінде алғаш рет дауыс беруге келдім. Аздап қобалжып тұрмын. Ауылдастарым сияқты әкімнің халыққа жақын болғанын қалаймын. Таңдаған басшы елдің қамы үшін еңбек етсе екен деймін.

Тұрғындар арасында денсаулығына байланысты учаскеге келе алмайтын жандар болды. Олар ұмыт қалмады. Жылжымалы урналар үйлерді аралады. Комиссия мүшелері концлагердің тұтқыны болған 98 жастағы Елена Гоменюкке барды.

ЕЛЕНА ГОМЕНЮК, Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

— Аудан басшысы мықты болмаса, ауылдар да, тұрғындар да тарап кетеді. Бізге мәселелерді шешетін әкім қажет. Басшылық қызметте үнемі сондай адамдар жүруі керек. Әрине, халықтың базынасы көп, ал әкім жалғыз. Сондықтан, бұқара мен билік өзара түсіністікте өмір сүруі міндетті.

Елена Гоменюктің көршілері де таңдауларын жасап, қорапшаға парақты салды. Аманжол Нұрмышев болашаққа сеніммен қарайды. Көпті көрген қария билікке халықтың мұңын тыңдайтын, іске жауапкершілікпен қарайтын жан келсе деп тілейді.

АМАНЖОЛ НҰРМАШЕВ, Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

— Халыққа адал жұмыс істейтін әкім қажет. Халықты сыйлауы қажет, байланысты дұрыс ұстаған жөн.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қызылжар ауданы әкімі қызметін Сақтаған Сәдуақасов атқарды. Ол ауданды 1 жарым жыл басқарды.

 

Мәдина Қаби