Мәдениет

Абайдың өлеңдерін жаттаған жасөспірімдер байқауы

Хакім Абайдың шығармаларына құштар жасөспірімдер сайысты. Петропавлда “Абайдың асыл мұрасы” атты облыстық байқау ұйымдастырылды. Сайысқа өңіріміздің аудандарынан келген 40-тан астам ұл-қыз қатысты. Олар жас ерекшеліктері бойынша сынға түсті.

АЛТЫНАЙ СЫЗДЫҚОВА, СҚО ҚХА журналистер клубының мүшесі:

— Ең алдымен балалардың өлеңді мәнерлеп оқуына назар аударамыз. Ұл-қыздардың өнері барлығының көңілінен шығады деп ойлаймын.

Шығармашылық байқау өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Әр қатысушы тыңғылықты дайындалып келгені көрініп тұр. Дегенмен, кейбірін қобалжу сүріндірді. Мұндай балаларды жұртшылық қолдады. Қатысушылар сол демеудің арқасында жаттаған өлеңдерін әрмен қарай жалғастырып, қошеметке бөленді. 5 пен 8 жас аралығындағы ұл-қыздар арасында жеңіске петропавлдық Әсия Оңдасын жетті. Ол байқау барысында өзінің әсем өнерімен және киген әдемі киімімен көзге түскен.

ӘСИЯ ОҢДАСЫН, байқау жеңімпазы:

— Абайдың 10-ға жуық өлеңін білемін. Болашақта Абайдың барлық өлеңі мен қара сөздерін жатқа білгім келеді.

Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері ақшалай сыйлықтарға ие болды. Үздіктер табысталған сертификаттарды “Әткеншектер әлемі” аттракционында пайдаға жарата алады.

 

Нұрасыл Ахмет