Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің ведомствоаралық жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Алқалы жиында дене шынықтыру және спорт және санитариялық-эпидемиялогиялық бақылау саласындағы қызмет көрсету сапасын жақсарту мәселелері қаралды. Алғаш аталған басқарманың құрамына 29 ұйым кіреді. Оларға бірінші жартыжылдықта 1500-ге жуық адам өтінішпен жүгініп, көмек алған. Бұны мінберге шыққан басқарма басшысының міндетін атқарушы Мият Ерхан мәлімдеді.
МИЯТ ЕРХАН, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
— Жүгінушілердің көбі спорттық разрядтар мен біліктілік санаттарын алу бойынша қызмет алды. Біз бірінші жартыжылдықта 504 спортшыға түрлі деңгейдегі атақ бердік. 27 адамның өтініші кері қайтарылды. Ал өткен жылы республикалық және халықаралық жарыстарда атой салған 700-ге жуық жерлесімізге спорттық разрядтар табыстадық.
Жыл басынан бері дене шынықтыру және спорт басқармасы 500-ге жуық мүмкіндігі шектеулі балаға қызмет көрсеткен. Мият Ерханның сөзінше, мамандар бірде-бір жанның өтінішін кері қайтармаған. Түскен шағымдар да жоқ. Мұнымен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің ведомствоаралық жұмыс тобы келіспейді.
Баяндама тыңдаушы тарап бірнеше фактіні алға тартты. Биыл басқарма өзіне бағынышты ұйымдарда тексеріс жүргізбеген. Спикер айтқан сандар шындыққа сәйкес келмейді. Одан қалды, спортшылар тиісті құжаттарды толық жинамай-ақ разрядтар алған. Бұл өрескел бұзушылықтарды прокуратура өкілдері анықтапты.
Мият Маратұлы басқармада маман тапшы деп ақталды. 8 бірдей орын бос тұр екен. Мемлекеттік қызметке ешкім келгісі келмейтін көрінеді. Бірақ, мәселелерді шешуге, әр ұйымға тексеріс жүргізуге, тұрғындарға қызмет көрсетуді жақсартуға уәде берді.
Ақтолқын Солтанханқызы