Мәдениет

Құрылысшыларға құрмет көрсетілді

Құрылысшыларға құрмет көрсетілді. Елімізде құрылыс саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі жыл сайын тамыз айының екінші жексенбісінде тойланады. Бұл күні сала ардагерлері құттықтау қабылдайды, ал маңдайалды мамандар марапат алады. Талай ғимараттың бой көтеруіне септігін тигізіп жүрген теріскейлік құрылысшылар «Qyzyljar» креатив орталығында бас қосты. Оларға аймақ басшысының Алғыс хаты мен Құрмет грамотасын орынбасары Жүсіп Жұмағұлов табыстады. Салтанатты жиында мамандардың қоғамдағы орны жайлы да айтылды.

ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО әкімінің орынбасары:

— Құрылысшылар – экономиканың тірегі, күнделікті тынымсыз еңбектің өкілдері. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында ұлттық экономика құрылымында құрылыс секторы маңызды орын алып отырғанын, елдегі жалпы ішкі өнімнің 6%-ын құрайтындығын атап өтті. Өңірде тұрғын үй құрылысына бағытталған инвестиция көлемі артуда. Көрсеткіш 47 млрд теңгеден 57 млрд теңгеге өсті. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша облыста құрылыс жұмыстарының көлемі 20%-ға артты. Облыста әлеуметтік инфрақұрылым құрылысы белсенді дамып келеді. Соңғы 3 жылда 56 нысан салынды.

Құрылысшы күні – бұл жай ғана мереке емес, елдің дамуына зор үлес қосып жүрген адамдардың еңбегін айтатын, көрсететін күн. Залда отырған жандар шаһардағы талай шағын ауданға, көшеге, үйге және әлеуметтік маңызды нысанға сән берген. Олардың барлығы білікті маман саналады. Мереке қарсаңында Алғыс хатқа ие болғандардың бірі – “Тілеу 2018” серіктестігінің директоры Бексұлтан Талеев. Азаматтың қарамағында 20-дан астам маман қызмет етуде. Білекті жігіттер талай адамды баспанамен қамтыған.

БЕКСҰЛТАН ТАЛЕЕВ, “Тілеу 2018” ЖШС директоры:

— Құрылыс саласына 2005 жылы келдім. Құрылысшының жұмысы өте қиын. Егер дұрыс меңгере білмесең, өміріңе қауіп төндереді.

Әр жұмыстың өзіндік қиындығы бар. Бексұлтан Талеев ағамыз құрылыс саласын таңдайтын жастарға мұқият әрі білімді болу қажеттігін айтады.

БЕКСҰЛТАН ТАЛЕЕВ, “Тілеу 2018” ЖШС директоры:

— Жастар, еңбектен қашпаңдар, таңдаған жұмыстарыңды сыйлап, сүйіп істеңдер. Бұл сала тазалықты жақсы көреді.

Құрылыс саласында да тәжірибе уақыт өте жиналады. Қиындыққа шыдай білу қажет. Сонда ғана елге сыйлы маман атанасың, тапсырған нысандармен, үйлермен халықтың батасын аласың.

ӘЛІБЕК ӘУБӘКІРОВ, “Зерттеу СК” ЖШС монтаждаушысы:

— Осыдан 5 жыл бұрын мені бұл жұмысқа танысым шақырды. Бас кезінде жұмысымды қатты ұнаттым деп айта алмаймын. Уақыт өте келе үйрендім, мамандығымды жақсы көре бастадым. Алғаш салған нысаным – Бескөл орта мектебі. Сосын Береке ықшам ауданындағы үйлерді, Тайынша ауданындағы мектепті салдық. Біраз учаскеде тер төктім. Осы сәтті пайдаланы отырып, барша әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын.

Сүйектен өтер суықта, аптап ыстықта еңбек ететін құрылысшылар құрметке, ән-жырға лайықты. Салтанатты шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

 

Мәдина Қаби