Абайдың өлеңдері оқылды, әндері шырқалды. Қазақтың дара және дана тұлғасына арналған тағы бір шара бүгін С. Мұқанов атындағы облыстық кітапханада өтті. Жиынға өңірімізге танымал жазушылар, тіл жанашырлары, ақындар, ардагерлер кеңесінің мүшелері мен шенділер қатысты.
ЖАҚСЫБАЙ САМРАТ, жазушы-журналист:
— Ұлы Абай туралы айтатын болсақ, оны қазақтың данышпаны деуге болады. Ол ақын ғана емес. Жамбыл атамыз “Абай данышпан ғой” деген. Ойшылымыздың айтқан әрбір сөзін бүкіл қазақ білу керек.
Абай – әлем таныған, әлем мойындаған тұлға. Қазір ол жайлы жер-жерде айтылады. Бүгінгі шарада данышпан жайлы қазақ және орыс тілінде баяндама оқылды. Арнауға да кезек келді. Оны ақын әрі журналист Самрат Құскенов жазған.
САМРАТ ҚҰСКЕНОВ, “Qyzyljar nury” қалалық газетінің аға тілшісі:
— Арнауым арқылы Абайдың шығармаларынан бір нәтиже шығару қажеттігін жеткізгім келеді. Абай сөздерін талдаған және талқылаған адамдар өте көп.
Сонымен қатар, кітапханада “Ұлы халықтың ұлы Абайы” атты кітап көрмесі қанат жайды. Мұнда ақынның туындылары ғана емес, ойшылды зерттеу еңбектері мен көркем әдебиет бар.
Ақтолқын Солтанханқызы