Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясында “Абай орталығы” бар. Ол ұлы ойшылдың 175 жылдығына орай ашылған. Бүгінде ұйым 6 бағытта жұмыс істейді. Мұнда “Абайтану” сабағы өтеді, дарынды ұл-қыздар осы жерде дара тұлғаға қатысты шаралар ұйымдастырады. Бас ақын жайлы дерек жеткілікті. Биылғы мерейтойға орай көрме де қанат жайған.
АЙГҮЛ ЕСЕНҒАЛИЕВА, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясы директорының орынбасары:
— Жыл басынан бері Абайдың 180 жылдығына орай түрлі шара өтті. Мұнда қолөнер жұмыстары қойылған. Оларды ойшылдың шығармаларын оқыған оқушылар жасады.
Көрме облысымыздың түкпір-түкпірінен жиналған қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналған. Олар қазақтың ұлы ақынына арналған конференцияда бас қосып отыр. Жиылған қауым арасында жас маман Данагүл Аюпова да бар. Ұстаз бүгінгі күні “Дипломмен ауылға” бағдарламасы аясында Шал ақын ауданына қарасты Приишим орта мектебінде еңбек етеді.
ДАНАГҮЛ АЮПОВА, Приишим орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі, Шал ақын ауданы:
— Өзім Абайдың өлеңдерін жаттап өстім, кейін өзім де өлең шығара бастадым. Қазіргі күні шәкірт тәрбиелеп отырмын. Оқушыларым облыстық шараларда үздіктер қатарынан көрініп жүр. Абай атамыздың өлеңдері менің осылай ұстаз болуыма себепші болды.
200-ге жуық жас маман бас қосқан ауқымды шараға мұрындық болып отырған – облыстық білім басқармасының әдістемелік орталығы. Қазақ әдебиетінің жарық жұлдызының мерейтойына арналған мұндай ауқымды конференция биыл өңірімізде екінші рет ұйымдастырылып отыр. Біріншісі Қызылжар ауданындағы Қызылжар Абай орта мектебінде өтті. Оған еліміздің бірқатар өңірінен білікті ұстаздар келді.
БАЛЕРКЕ СӘДУАҚАСОВА, СҚО білім басқармасы әдістемелік орталығының әдіскері:
— Бүгін Абайдың 180 жылдығы және Халықаралық жастар күніне орай облыстық конферация өтуде. Басты мақсат – ұлы ойшылдың рухани мұрасын жастар тәрбиесінде пайдалану. Жас ұрпаққа адамгершілік, ұлттық құндылықтар мен парасаттылықты үйреткіміз келеді.
Облыстық конференция барысында бірнеше адам терең мағыналы баяндама оқыды. Олар Абайдың өміріне, Абайдың шығармашылығына терең бойлады. Алқалы жиын мерекелік концертпен жалғасын тапты.
Ақтолқын Солтанханқызы