Облыс прокурорларының араласуынан кейін ондаған миллион теңгені қалтасына басқан мемлекеттік қызметшілер сотталды. Алғашқы бұзушылық Айыртау ауданының білім бөлімінде орын алды. Мұнда білдей бір есепші бақандай 39,8 млн теңгені жымқырған. Заңның ала жібін аттап, біреудің нанын жеген бухгалтер алдағы 7 жылын темір тордың ар жағында өткізеді.
Прокурорлар бармақ басты, көз қыстылық әрекетті өткен жылдың 11 маусымында анықтады. Есепшінің үстінен Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша іс қозғалды. Тұлға 2021 жылдың қаңтарынан 2024 жылдың сәуіріне дейін мұғалімдер мен өзге қызметкерлердің жалақысын өзі иемденіп жүрген. Мемлекетке келтірілген залал толығымен өтелді.
Екінші бұзушылық Тайынша ауданында болды. Қадағалау органының өкілдері ТҮКШ бөлімін тексеру барысында басшысының 15,9 млн теңгені жымқырғанын анықтады. Лауазымды тұлға мемлекеттік сатып алу шартына жалған түрде қол қойған.
Лауазымды тұлға 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Іс 2025 жылдың 30 маусымында Тайынша аудандық сотында қаралды. Оған қоса, қылмыскер енді мемлекеттік ұйымдарда өмір бойы қызмет ете алмайды. Шешім заңды күшіне енген жоқ.
Облыс прокурорлары қаржыны игеру саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.
Нұрасыл Ахмет