ҚоғамМәдениетТЖ

Петропавлда “Біз қауіпсіздік үшін” флешмобы ұйымдастырылды

“Біз қауіпсіздік үшін”. Петропавлдың орталық алаңында осындай атаумен флешмоб ұйымдастырылды. Бұл жай ғана шара емес. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен еріктілердің бастамасы зор маңызға ие. Бір жеңнен қол шығарған ұйымдастырушы тарап осы флешмоб арқылы қоғамның, әсіресе өскелең ұрпақтың назарын қауіпсіздік мәселелеріне аударғысы келеді.

ДИНА ЖАПАРОВА, СҚО ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының аға инженері:

— Төтенше жағдайлар департаменті мамандары үлкендерден кішкентайларға дұрыс қарауды сұрайды. Оларды үйде жалғыз қалдырмаңыздар. Себебі, жыл басынан бері 3 бала өрттен қаза тауып, 1 бала жарақат алды. Одан қалды, көпқабатты үйлердің терезесінен 2 бала құлады.

Шара барысында мамандар балалармен ашық диалог орнатты. Олар ұл-қыздарға қауіп жайлы, сақтық ережелері туралы баяндады. Жай ғана айтып қоймады. Заманауи құрал-жарақтарды, техниканы көрсетіп, әрқайсысын таныстырды. Осы арқылы жастар төтенше жағдай кезінде әрекет ету жолдарын меңгерді.

ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

— Бізде шардың 2 түсі бар. Біріншісі қызғылт сары болса, екіншісі – ашық көк. Алғашқысы от деген ұғымды білдіреді. Ал екіншісі суды бейнелейді. Мұндай таңдауға бекерден-бекер барған жоқпыз. Осы түстерді абайсызда дүниеден өткен балалардың рухына арнап таңдадық. Біз жұртшылықты мұқият болуға шақырамыз! Әрқайсымыз балақайлардың өміріне жауаптымыз, оларға үнемі сақтық ережелерін айтуымыз керек.

Жастар танымдық шарада белсенділік танытты. Олар мұндай игі бастамалардың жиі өткенін қалайды. Ұл-қыздардың пікірінше, мамандардың ақыл-кеңесінің арқасында құлау, көшеде жарақат алу жағдайлары азаяды.

 

Мәдина Қаби