Қоғам

Олжас Бектенов: “Халықаралық автокөлік өткізу пункттерін жаңғырту жұмыстары баяу жүріп жатыр”

Мемлекет басшысы министрліктер мен әр облысқа халықаралық автокөлік өткізу пункттерін жаңғырту жөнінде тапсырма берді. Атқарылған жұмыс барысымен танысу мақсатында Премьер-министр Олжас Бектенов жиын өткізді. Алқалы кеңесте көлік министрі Нұржан Сауранбаев, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Алдажұманов пен Қаржы министрінің міндетін атқарушы Ержан Біржановтың баяндамалары тыңдалды.

ЕРЖАН БІРЖАНОВ, ҚР Қаржы министрінің міндетін атқарушы:

— Биылғы жоспар бойынша Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы шекараларындағы 9 өткізу пунктін жаңғырту қажет. Бүгінгі таңда оның төртеуінде: “Қапланбек”, “Атамекен”, “Қалжат” және “Алакөл” бекеттерінде жұмыстар аяқталды. Қалған бес нысандағы іс жыл соңына дейін мәресіне жетеді. “Жібек жолы” жолаушылар өткізу пунктін реконструкциялау жоспардан тыс жүруде. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқталады деп көзделіп отыр.

Жаңғырту жұмыстары аясында бекеттерде алты жолақты кірме жолдар мен электронды қадағалау жүйелері пайда болады. Бірыңғай инфрақұрылым құрылады. Ресей Федерациясы мен Қырғызстан Республикасы шекаларындағы автокөліктерді өткізу пункттерінде жұмыс баяу жүруде. Соған байланысты Олжас Абайұлы жауапты министрліктердің жұмысын сынға алды. Тиісінше, Көлік министрлігіне қарасты автомобиль жолдары комитетінің төрағасы мен мемлекеттік кірістер комитетінің басшысын жауапкершілікке тартуды тапсырды.