Қазақстанда ана мен бала өлімінің деңгейі төмендеді. Бұл туралы Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова хабарлады.
АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ҚР денсаулық сақтау министрі:
— Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында ана мен бала өлімін төмендету бойынша кешенді шаралар қабылдауға ерекше басымдық беріліп отыр. Осыған байланысты министрлік 2030 жылға дейін ана мен бала денсаулығын сақтау қызметін дамыту жоспарын бекітті. Елімізде аналар мен балалар денсаулығы бойынша Орнықты даму мақсаттарының индикаторларына қол жеткізілді. 2024 жылы ана өлімінің көрсеткіші 12%-ға, нәресте өлімінің көрсеткіші 11%-ға төмендесе, биылғы жылдың 6 айының қорытындысымен ана өлімінің көрсеткіші 10%-ға, нәресте өлімінің көрсеткіші 26%-ға төмендеді.
Қазақстанда босанғаннан кейінгі қан кетулердің алдын алудың жаңа әдістері енгізілді, соның нәтижесінде биыл ағзаларды сақтап қалу операциялары 20%-ға артты. Медициналық авиация желісі бойынша дер кезінде және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету шаралары ауыр жағдайдағы әйелдер мен балалардың 96%-ын құтқарып қалуға мүмкіндік берді. Одан бөлек өткен жылдан бастап босандыру және балаларға арналған ұйымдардың медициналық техникамен жабдықталуы 87%-ға дейін жақсарып, тозу көрсеткіші 37%-ға дейін төмендеді.
АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ҚР денсаулық сақтау министрі:
— Биыл алғаш рет болашақ аналарға арналған «Аналар саулығы» бағдарламасы іске қосылып, әйелдерді 12 түрлі зерттеуден өткізу және жүктілікке дайындау үшін 5,1 млрд теңге бөлінді. Одан бөлек, былтыр 22 облыстық перинаталдық орталық құрамында «Ұрықты қорғау орталықтары» құрылып, оның құрамында жүкті əйелдерге көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында «Бір күндік клиника» ұйымдастырылды. Онда 100 мыңнан астам жүкті әйел 500 мыңға жуық тексеруден өтіп, нəтижесінде ұрықтың даму ақауларын ерте анықтау 13%-ға артты. Осы орталықтарды әрі қарай заманауи медициналық техникамен жабдықтауға әкімдердің жергілікті бюджеттен қаражат қарастыруын сұраймыз.
Үкімет отырысында маман тапшылығы мәселесін шешу жайлы да айтылды. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың сөзінше, бұл бағытта серпін бар.
АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ҚР денсаулық сақтау министрі:
— 2024 жылы елімізде алғаш рет 169 педиатр маманы шығарылды, биыл 152 педиатр дәрігер резидентураны аяқтайды. Биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап балалар бейініндегі жоғары сұранысқа ие 14 мамандық бойынша резидентурада оқыту басталады. 2024 жылдан бері ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу үшін келген сұранысқа ие дәрігерлердің 8,5 млн теңге көтерме төлемақы алуға мүмкіндігі бар. Алайда, өткен жылы ауылға жұмысқа орналастырылған 370 маманның тек қана 254-і (70 %) көтерме төлемақы алған. Негізгі қабылданған шаралар босандыру мен балалар кадрларының тапшылығын 25%-ға төмендетті.
Дегенмен, елімізде маман тапшылығы мәселесі әлі де өзекті саналады. Қазақстандағы емдеу орындарына 255 гинеколог пен 91 неонатолог қажет.
Байболат Құлтанов