“Біз Абайды білеміз бе?”. И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапхананың кіреберісінде әлеуметтік танымдық сауалнама ұйымдастырылды. Қойылған сұрақтардың барлығы ұлы ойшылға қатысты болды. Дұрыс жауап берген жандарға шағын сыйлықтар табысталды. Ал мына жерде “Абай жаққан бір сәуле” атты әдеби портрет-кеші өтіп жатыр. Кеште көркем әдебиеттің дара тұлғасының өмірбаяны айтылды. Әр туындысы ортаға салынып, қатысушылар өзара пікір алмасты. Шараға жан-жақтан шақырылған қонақтар қатысты.
ЛӘЗЗАТ ЕРҒОЖИНА, И. Шухов атындағы орталық қалалық кітапхананың филиал меңгерушісі:
— 2020 жылы 10-шы тамыз – Абай күні деп жарияланды. Содан бері біздің кітапханада әртүрлі шаралар ұйымдастыралады. Бүгінгі шараның басты мақсаты – Абайдың өмірбаянын, шығармашылығын көпшіліккке насихаттау.
Біртуар тұлғаға арналған кеште қатысушылар Абайдың өлеңдерін оқыды. Нұрсұлтан Құрман – кеште өнер көрсеткен қонақ. Ол қалалық №5-ші өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші-құтқарушы болып еңбек етеді. Бүгінгі шараға “Әсемпаз болма әрнеге” өлеңін ала келіпті. Жас маман ұлы ойшылдың шығармаларына бала кезден қызығады екен.
НҰРСҰЛТАН ҚҰРМАН, қалалық №5-ші өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы:
— Абай Құнанбаевтың өлеңдерін бала кезден оқимын. Қазақ әдебиеті пәнінен Өмірсерік Сырымұлы деген ұстазым болды. Сол кісі мені шабыттандырып, қызығушылығымды оятты. Қазіргі күні ұлы ойшылдың қара сөздерін оқимын, өлеңдерін жаттаймын.
Сонымен қатар, И. Шухов атындағы орталық қалалық кітапханада “Абай дәуірі” атты кітап көрмесі ашылды. Онда рухани азық алуға болатын ондаған еңбек бар.
Ақтолқын Солтанханқызы