Өнеркәсіп

Дәнекерлеу ісі – сұраныстағы мамандық

Григорий Рубас Петропавл электротехникалық зауытында дәнекерлеуші болып еңбек етеді. Аянбай тер төгіп жүргеніне 4 жыл болды. Ол бұған дейін кондитер мамандығын меңгеріп, жұмыс істепті. Алайда, бұл бағыт көңілінен шықпаған екен. Ойлана келе таңдау дәнекерлеу ісіне түседі. “Қалауын тапса, қар жанар” дегендей, 3 айлық курстан кейін Григорий маман атанады.

ГРИГОРИЙ РУБАС, «Петропавл электротехникалық зауыты» ЖШС дәнекерлеушісі:

Бұған дейін басқа кәсіпорында жұмыс істедім. Дәнекерлеу ісі – қазір сұраныстағы мамандықтардың бірі. Оны жастардың дені білмейді, жалақысы аз, жұмыс табу қиын деп ойлайды. Сол себепті бұл салада еңбек ететін жастар аз. Қатарымызды жалынды жігіттермен толықтыру қажет. Біз сияқты мамандар әр өндіріс орнына керек.

Темірді балқыту әдісімен біріктіру оңай жұмыс емес. Егер кауіпсіздік ережелерін сақтамасаң, жарақат алып қалуың мүмкін. Тиісті ережені тәжірибелі маман Қайрат Қонысов жақсы біледі. Оның бұл салада еңбек етіп жүргеніне 20 жылға жуықтаған. Азамат колледжді аяқтай сала Кентау трансформатор зауытына қызметке қабылданыпты. 2021 жылы Петропавлға қоныс аударып, бірден екі қолға бір күрек табады. Жерлесіміздің жары да осы жерге жұмысқа тұрады. Қазір нәзікжанды бала күтімі бойынша декреттік демалыста.

ҚАЙРАТ ҚОНЫСОВ, «Петропавл электротехникалық зауыты» ЖШС дәнекерлеушісі:

Жұмысымыз таңғы 8-де басталады. 12:00-де түскі үзілісіміз бар. Жұмыс кестесі өте ыңғайлы. Өзіме ұнайды. Жұмысымыз қиын емес. Қазір зауыт заманауи техникалармен қамтылған. Қауіпсіздік ережесі бойынша әр 3 тоқсан сайын емтихан тапсырамыз.

Түрлі қуаттылықтағы трансформатор шығаратын Петропавл электротехникалық зауыты 2021 жылы ашылған. Кәсіпорын алыс-жақын шетелдермен әріптестік орнатты. Қазіргі күні мұнда 200-ден астам адам еңбек етеді. Өндіріс орны 6 аумаққа бөлінген. Олар: дәнекерлеу, сырлау, орау және тағы да басқалары.

 

Ақтолқын Солтанханқызы