Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына орай кезекті іс-шара өтті. Басқосуға ақынның шығармаларын сүйіп оқитын жандар мен жастар және облыстық әділет департаментінің қызметкерлері қатысты. Өнегеге толы жиын барысында ойшылдың өмірбаяны, қалдырған мұрасы жайлы сөз болды.
Көпшілікке жақсы таныс кәсіпкер Жомарт Омаров Абайдың бірсыпыра шығармасын жатқа біледі. Бірнеше жыл бойы өмірін де зерттеген. Сөз алған ағамыз жастарға ұлы тұлғаның қара сөздерін жиі оқып, өлеңдерін жаттау қажеттігін айтты. Ақынның әр туындысынан рухани азық алуға болады.
Шараның мақсаты – Абай Құнанбайұлының шығармаларын насихаттай отыра қоғамдағы рухани мәдениетті байыту, балаларды өнерге, білімге баулы. Көпке мәлім, бас ақынның 170-тен астам өлеңі, 3 поэмасы және 45 қара сөзі бар. Еңбектері орыс, қытай, француз және тағы да бас тілдерге аударылған. Қуантарлығы, кітапханаға атамыздың шығармаларын сұрап келетін жандар жетерлік екен.
ГҮЛМИРА САҒЫНДЫҚОВА, Ғ. Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы:
— Абай Құнанбаевтың шығармаларын көбіне бастауыш сынып оқушылары сұрайды. Абайды зерттеген Тұрсынбай Жұртбайдың кітаптарын алады.
Жастар Абайды тануға, шығармаларын оқуға асыққанның арқасында білімге, өнерге құштар болып өсуде. Оған кітапхана қабырғасындағы жиын барысында тағы бір мәрте көз жеткіздік. Ұлдар да, қыздар да бас ақынды шыңына көз жетпейтін тауға теңейді.
АРУЖАН ҚАЖЫҒАЛИЕВА, қалалық жастар ресурстық орталығының волонтері:
— Абай Құнанбаев – құрметке лайықты адам. Оның өлеңін кез-келген қазақтан сұрасаң, жатқа айтып бере алады. Сонымен қатар, ол ақын ғана емес, аудармашы, сазгер, компазитор. Пушкин және тағы да басқа орыс ақындарының өлеңдерін қазақшаға аударған.
“Абай Құнанбайұлы – ұлы даланың ұлы ақыны” атты іс-шарада көрме де қанат жайды. Осы арқылы қатысушылар тарихи тұлғаның еңбектерімен және бас ақын жайлы жазылған кітаптармен таныса алды.
Мәдина Қаби