Қоғам

Петропавлдықтарды ауыз сумен қамтитын маман

Бұл – Петропавлдағы бірінші көтерілімдегі сорғы станциясы. Маңызды нысан қала тұрғындарына ауыз су жеткізеді. Биыл ғана күрделі жөндеу көріп, жаңартылған орталықта жұмыс қайнап жатыр. Мұндағы әр іс өте жауапты. Мамандар 24 сағат сорғылардың жұмысын қадағалап отыру керек. Ваиль Сайфутдинов қырағы қызметкер саналады. Ол бұл салада біраздан бері еңбек етіп жүр.

ВАИЛЬ САЙФУТДИНОВ, “Қызылжар су” ЖШС бірінші көтерілімдегі сорғы станциясының қызметкері:

Бұл салада еңбек етіп жүргеніме 11 жыл болыпты. Бастапқыда қарапайым жұмысшы ретінде жұмысқа орналастым. Кейін дәрежем өсе бастады. Жұмысым асқан жауапкершілікті, тиянақты болуды талап етеді. Әріптесім екеуіміз таңғы 9-да ауысымды қабылдап аламыз. Содан соң сорғылардың жұмысын, қысымды 24 сағат бойы қадғалаймыз. 

Биыл Ваиль Сайфутдиновтің еңбегі еленді. Азамат өңір басшысының қолынан “Ерен еңбегі үшін” медалін иеленді.

ВАИЛЬ САЙФУТДИНОВ, “Қызылжар су” ЖШС бірінші көтерілімдегі сорғы станциясының қызметкері:

Әрине, еңбегім еленіп, осындай марапат алғаныма қуаныштымын. Оңай жұмыс жоқ. Осыны жастар түсінсе екен деймін. Әр кәсіпорынға саланы бес саусақтай білетін жауапты адамдар керек. Кейінгі толқын аянып қалмауы тиіс. Біздің істе түрлі жайт орын алады. Сонда сасқалақтамай тез әрі дұрыс әрекет ету керек. Бұған уақыт өте үйрендік.

Білікті маман – қызын қияға, ұлын ұяға қондырып отырған қамқор әке, ардақты ата. Бүгінде Ваиль Сайфутдинов жары екеуі 3 баладан 3 немере сүйіп отыр. Азамат жұмыстан қолы босағанда табиғат аясында демалады. Балық аулағанды жаны сүйеді екен.

 

Ақтолқын Солтанханқызы