Жуырда Солтүстік Қазақстан облысының әкімі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескен болатын. Кездесу барысында Президент Петропавлдағы 2-ЖЭО жөндеу жұмыстарын аяқтап, жылу және энергиямен қамтамасыз ету жүйелерін жаңғыртудың маңыздылығына ерекше назар аударды. Бүгінде негізгі нысандарды жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр.
Жобаларды іске асыруға шамамен 27 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражат қазандық агрегаттары мен турбиналарды күрделі және ағымдағы жөндеуге, сондай-ақ жаңа мұржаның құрылысына бағытталды. Қазіргі таңда мұржа құрылысының 90%-ы аяқталып, оны 30 қыркүйекте пайдалануға беру жоспарлануда. Алдағы жылыту маусымында қалаға жылу бірден 3 мұржа арқылы берілмек.
Бұл өз кезегінде қысқы уақытта жылумен қамтудың тұрақтылығы мен үздіксіздігін едәуір арттырады.
АНАТОЛИЙ КАЗАНОВСКИЙ, «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ бас директоры:
— Бүгінгі таңда бірқатар жұмыстар толық орындалды. Атап айтқанда, №2 станциядағы турбоагрегатқа күрделі жөндеу 100% аяқталды. №1 және №4 қазандық агрегаттарына, сондай-ақ №6 турбоагрегатқа ағымдағы жөндеу жұмыстары да толығымен аяқталды.
Сонымен қатар, №3 мұржаға зерттеу жүргізіліп, оның нәтижесі бойынша жұмыстар 100% орындалды. 2-ПЖЭО теміржол жолдарына жүргізілген күрделі жөндеу де толық аяқталды. Негізгі стационарлық эмиссия көздеріне автоматты бақылау жүйесін орнату жұмыстары толығымен аяқталды. Бұл жұмыстар Есіл өзенінен тікелей су алу және продувкалық су құбырына қатысты жүзеге асырылды.
Отын қорын жасақтау тамыз айының ортасынан басталады. Ай соңына қарай қоймада 97 мың тонна көмір болады деп күтілуде. Қыркүйек айында бұл көрсеткіш 168 мың тоннаға жетеді. Тамызда 204 мың тонна қатты отын жеткізілді, ал қыркүйекте 232 мың тонна көмір жеткізу жоспарланып отыр.
Петропавл қаласында 1184 көпқабатты үй орталықтандырылған жылу және ыстық сумен қамтамасыз етілген. Қысқа дайындық аясында әрбір үйдің инженерлік жүйелері міндетті түрде тексерілуі тиіс. Бұл – ақауларды дер кезінде анықтап, көпқабатты тұрғын үйлердің қыс мезгілінде тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қажет шара.
СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
— 2025 жылдың 5-ші тамызындағы жағдай бойынша 247 көпқабатты тұрғын үй техникалық қабылдаудан өтіп, жылу беру жүйелері шаю және қысыммен тексеру жұмыстары жүргізілді. Бұл – жалпы тұрғын үй қорының 21 пайызы. Сонымен қатар, тек 8 көпқабатты үйдің дайындық паспорты рәсімделген. Қалған үйлер бойынша құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда Петропавл қаласында жылыту жүйелерін жуып-шаю қызметтерін 7 ұйым көрсетеді. Элеватор торабын күтіп-ұстау құны 25 мыңнан 35 мың теңгеге дейінгі аралықта белгіленген.
КСМ: Қазіргі таңда жылу жүйелерін шаю және қысыммен тексеру жұмыстары күн сайын жүргізілуде. Бұл жұмыстарға басқарушы компаниялар, мүлік иелерінің бірлестігі төрағалары мен пәтер иелері кооперативі жауапты. Алайда қалада 456 көпқабатты үйдің иесі жоқ. Көпшілігі әзірге дайындық жұмыстарынан өтпеген. Бұл – алдағы жылыту маусымында үлкен қиындықтарға әкелуі мүмкін.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Бұл жағдай жыл сайын қайталануда. Тұрғындар тарапынан көпқабатты үйлердің оқшауланбауы, техникалық жағдайының нашарлығы жөнінде арыз-шағымдар жиі түседі. Мәселенің негізгі себебі – кейбір үйлердің заңды тұлға ретінде тіркелмеуі. Яғни олардың меншік иесі жоқ, басқару формасы жоқ. Бұл – тұрғындардың ұйымдаспауынан болып отыр. Бүгінде қалада 400-ден астам көпқабатты үй иесіз күйде қалып отыр. Бұл – өте үлкен көрсеткіш. Қазіргі басты міндетіміз – осы үйлердің барлығын заңды тұлғалардың қарамағына беру, яғни оларды басқарушы компаниялар немесе кондоминиум түрінде тіркеу. Ал қалған үйлер бойынша тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Басқарушы органдармен бірге инженерлік жүйелерді тексеру, шаю және қысыммен тексеру жұмыстары күн сайын жүргізілуде.
Инвестициялық бағдарлама аясында жалпы құны 908 миллион теңгеге бағаланған жоба бойынша қалада 890 метр жылу құбырларын ауыстыру жоспарланған. Қазіргі уақытта оның 370 метрі жаңартылды. Сонымен қатар, 2025 жылы жылу желілерін алдағы жылыту маусымына дайындауға бюджеттен 599 миллион теңге бөлінген.
ВИТАЛИЙ ХОЛОША, «Петропавл жылу желілері» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы:
— 2025-2026 жылғы жылыту маусымына дайындық аясында бірқатар жұмыстар жоспарланған. Атап айтқанда, ұзындығы 6,3 шақырым болатын жылу құбырларын ауыстыру, 15 дана жабу тетігін жаңарту, 7 нысанға жөндеу жұмыстарын жүргізу және 4 шақырым оқшауланбаған жылу желілерін қалпына келтіру жоспарға енгізілген.
Сонымен қатар, «Петропавл жылу желілері» серіктестігінде 2025-2026 жылғы жылыту маусымына дайындық мақсатында жоспарлы және регламенттік жұмыстар жүргізілді. Бұл – құбырлардың тығыздығына сынақ жасау және есептік температурада жылу тасымалдағышты тексеру секілді техникалық сынақтар. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 101 технологиялық ақау анықталды.
Кеңес соңында облыс әкімі қысқы маусымға дайындық бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді. Ол жұмысты кейінге қалдырмай, барлық жауапты тұлғаларға белгіленген шараларды уақытылы орындауды тапсырды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— «Севказэнерго» АҚ – жөндеу жұмыстарының бекітілген кестесіне сәйкес қазандықтар мен турбоагрегаттарды жөндеуді қамтамасыз етуі тиіс. Сондай-ақ жаңа мұржаны уақытылы іске қосу қажет. «Скрейк» АҚ – электр желілері нысандарын жылыту маусымына дайындау бойынша іс-шаралардың сапалы және мерзімінде орындалуын қамтамасыз етуі тиіс.
«Петропавл жылу желілері» ЖШС – жылыту маусымы басталғанға дейін жылу желілеріндегі жөндеу жұмыстарын толық аяқтауы қажет. Петропавл қаласы әкімдігі – көпқабатты тұрғын үйлер бойынша жылыту маусымына дайындық паспорттарын алу жұмысын қамтамасыз етуі тиіс.
Сонымен қатар, көмір бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу және теміржол тұйығынан тұтынушыға дейін көмір тасымалы құнының өсуін болдырмау шараларын қабылдауы қажет. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы 2025-2026 жылғы жылыту маусымына дайындық барысына қатысты апта сайын мониторинг жүргізіп отыруы керек.
Қазіргі таңда барлық жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Жоспарланған көлемнің 60 пайыздан астамы орындалған.