Облыста 1-ші тамыздан бастап “Мектепке жол” республикалық акциясы өтуде. Науқанның мақсаты – аз қамтылған, көпбалалы, тұрмысы төмен отбасылардан шықан және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған немесе жетім балаларға әлеуметтік көмек көрсету. Яғни, оларға жомарт жандар жинаған ақшаға қажетті құрал-жабдықтар сатып алынады. Мысалы, қалалық жастар ресурстық орталығының мамандары өткен жылы 250-ден астам балаға көмек қолын созған.
ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:
— Жыл сайын көмек қолын созатын – кәсіпкерлер, қарапайым адамдар. Солардың арқасында қаншама отбасыға көмектесудеміз. 1-ші және 8-шы сынып аралығындағы ұл-қыздарға көмек көрсетіледі. Оған қоса, аудандарға да шығамыз. Жасыратыны жоқ, ауылды жерлерде ешкім жәрдем бермейтін отбасылар өте көп.
Жыл артқан сайын акцияға қатысушы жандар көбейіп жатыр. “АМАNAT” партиясы “Болашақ” филиалының атқарушы хатшысы Александр Зель игі бастамаға өз үлесін қоспақшы. Ол тұрақты түрде көмек көрсетеді.
АЛЕКСАНДР ЗЕЛЬ, “АМАNAT” партиясы “Болашақ” филиалының атқарушы хатшысы:
— Ұл-қыздарға арнап дәптер, қаламсап, қарындаш сияқты ұсақ-түйек заттар әкелдім. Акцияға бірінші жыл қатысып отырған жоқпын. Қайырымды іске жылда қатысамын. Өзімнің 3 балам бар. Бір балам осы жылы мектепке барады. Сондықтан, дайындалу оңай еместігін жақсы түсінемін. Барша жерлестерімді қайырымды іске ат салысуға шақырамын.
Қалалық жастар ресурстық орталығы өкілдері жомарт жандардың ақшасына алынған заттарды қажетті балаларға апарып береді. Биыл жылумен өңірде 150-ден астам отбасыны қамту жоспарланып отыр.
Мәдина Қаби