Мәдениет

Халықаралық телекөпір аясында Абайдың қара сөздері оқылды

Абайды оқы және тамсан! Ұлы тұлғаның 180 жылдығына орай халықаралық телекөпір ұйымдастырылды. Оны өткізуге Ғ. Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері мұрындық болды. Шараға қашықтықтан Омбы және Нефтюганск қалаларының кітапханашылары қатысты.

Қатысушылар дара тұлғаның әндерін орындады, қара сөздерін оқыды. Ресейлік тарапқа Абайдың “Өзгеге, көңілім, тоярсың” әні тарту етілді. Ойшылдың туындылары – білім, тәрбие. Шығармашылыққа құштар жастар таңдай қаққызды. Жерлесіміз Ангелина Лузанова жиырмасыншы қара сөзді таңдапты.

АНГЕЛИНА ЛУЗАНОВА, қатысушы:

— Жиырмасыншы қара сөз мені біраз ойландырды. Мұнда “Адам баласының жалықпайтұғын нәрсесі бар ма?” деген сұраққа жауап ізделеді. Ойшылдың пікірінше, пенденің барлығы тамақтан да, ойыннан да, күлкіден де, тіпті мақтаннан да шаршайды. Яғни, әр нәрсе жалықтырады. Сондықтан, өмірдің қадірін түсіну қажет. Абайдың шығармаларын жанұямызбен талқылаймыз. Ал қазір қатысушылармен сөйлесіп, пікір алмасқым келеді.

Қатысушылар әнмен, қара сөзбен шектеліп қалмады. Олар айтылған, оқылған туындыларды талқылады, пікір алмасты. Телекөпірді ұйымдастырушы тарап Абайдың көрші елде танылғанын қалайды. Жерлестеріміз ұлы ақынды насихаттау мақсатында шекара сыртындағы әріптестеріне бірнеше кітап жолдапты.

БАЯН МҰҚАЖАНОВА, Ғ. Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының әдіскері:

— 14-ші сәуір – Халықаралық кітап сыйлау күні. Осы датаға байланысты Ресейдегі кітапханалармен туынды алмастық. Біз көршілерімізге балалар классикасын, Абайдың “Қара сөздер” жинағын және Жамбыл Жабаевтың шығармаларын тарту еттік. Шекара сыртындағы әріптестермен 5 жылдың көлемінде тығыз байланыстамыз. Үнемі хат-хабар алмасып тұрамыз. Олар Абайды біледі, құрмет тұтады.

Қатысушылар халықаралық телекөпірден рухани азық алды. Шара барысында белсенділік танытқан әр жан алғыс хатпен марапатталды.

 

Ақтолқын Солтанханқызы