М. Қозыбаев атындағы СҚУ-дың 2-ші корпусы енді алыстан көз тартады. Көше жақ қабырғасында Абай Құнанбайұлы бейнеленген мурал пайда болып, салтанатты түрде ашылды. Айтулы шараға білім ордасының қызметкерлері, өңірдің зиялы қауымы және жастар қатысты. Бұл бастама қалай жүзеге асты? Қабырғаға ұлы тұлғаны бейнелеу идеясы “Құрылыс және дизайн” кафедрасының 3 студентіне тиесілі. Олар біртуар перзенттің 180 жылдық мерейтойына орай ерекше жобаны қолға алуды ұсынған. Ұсыныс жерде қалмады.
ЕСКАНДЕР БАШЕЕВ, М. Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:
— Біз біраз ойландық, кітаптарды ақтардық, түрлі ұсыныс айтылды, соңында осы бейнені және қанатты сөздерді таңдадық. Нені қалайтынымызды ұстаздарға айттық. Олар біздің идеяны басшылыққа жеткізді. Ал басшылыққа біздің жобамыз ұнады. Көп кешікпей арнайы мамандар жұмысты бастап кетті. Туынды 2 күннің ішінде өмірге келді. Алдағы уақытта тағы да осындай дүниелердің авторы атанғымыз келеді.
Муралмен танысуға келген адамның көзіне Абайдың қанатты сөзі оттай басылады. “Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, // Сонда толық боласың елден ерек. // Жеке-жеке біреуі жарытпайды, // Жол да жоқ жарыместі жақсы демек”, – деп ақын жырлыған. Ал төменгі жақта әріптердің қосындысынан тұратын таңба бар. Ол ұлы ойшылдың “Толық адам” ілімінен алынып отыр. Абай атамыз бас әріптер арқылы ақыл, қайрат және жүрек рухани жетілген адамды білдіретінін көрсеткісі келген.
ЕРБОЛ ИСАҚАЕВ, М. Қозыбаев атындағы СҚУ басқарма төрағасы-ректоры:
— Мұндай ерекше дүниенің жарық көруі тек университет қызметкерлері үшін емес, барлық солтүстікқазақстандықтар үшін жағымды жаңалық, айтулы оқиға дегенім келеді. Бұны қарапайым мурал деп санамау қажет. Ол – көпір. Осы туынды арқылы жастар, қала тұрғындары мен қонақтары ілімге, рухани өмірге, жақсылыққа жақындайды. Мурал Пушкин көшесі жағынан жақсы көрінеді. Біз ұлы тұлғаларды байланыстырғымыз келді.
Салтанатты ашылу барысында бірнеше адам сөз алып, ақын жайлы пікір білдірді. Ұлы тұлғаның туындыларын сүйіп оқитын, өлеңдерін жатқа білетін жандар жетерлік. Солардың бірі өңіріміздің рухани өміріне білек сыбына ат салысып жүрген азамат – Жомарт Омаров.
ЖОМАРТ ОМАРОВ, жеке кәсіпкер:
— Абай көп дүние жазған. Ол адам болуға басымдық берген. Адамдарды 5 нәрсеге асықтырып, 5 нәрседен қашық болуға шақырған.
Қоса кетейік, ерекше муралдың биікті – 18 метр.
Мәдина Қаби