Экономика және қаржы

Экономиканы цифрлық трансформациялау бойынша Президент тапсырмасы

Үкімет таңбалауға жататын тауарлар тізбесін кеңейтіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленетін сауда үстемелерін бақылауды күшейтетін пилоттық жобаны іске қосады. Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен отырыста сауда саласын цифрлық трансформациялау барысы мен даму болашағы қаралды.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР Премьер-министр:

— Мемлекет басшысы экономиканың барлық саласын цифрлық трансформациялау міндетін қойды. Көріп отырғанымыздай, сауда саласында жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Тауарларды толық қадағалау және сәйкестендіру аясында Тауарлардың ұлттық каталогы енгізілуде. Бұл тауарларды өндіруден немесе әкелуден бастап, көтерме және бөлшек саудада өткізуге дейінгі барлық кезеңде оларды жіктеуге негіз болады.

Тауарларды цифрлық қадағалаудың жүйесі бар. Олжас Бектеновтың пікірінше, ол өнімдердің шектеулі санаттарын ғана қамтиды және әр жерде бөлек-бөлек орналасқан анықтамалықтар мен деректер форматына сүйенеді. Сондықтан қаржы, сауда министрліктері басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, Тауарлардың ұлттық каталогын барлық салада енгізу жұмыстарын күшейтуі қажет. Осы жұмыстарға белсенді түрде атсалысуға бизнес те шақырылды.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР Премьер-министр:

— Кәсіпкерлер сертификаттау рәсімдерінің ашық болмауы мен қағаз құжаттардың қайталанатынын айтуда. Бұл мәселелерді сертификаттау, аккредиттеу және стандарттау тетігін жаңғыртуға бағытталған техникалық реттеу жүйесі шешуге тиіс. Осыған байланысты сауда, қаржы және цифрландыру министрліктері биылғы жылдың соңына дейін Е-ТРМК жүйесін салалық мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен толық интеграциялауды қамтамасыз етуі қажет. Тауарлардың көптеген тобына таңбалауды енгізу мәселесіне қатысты бизнес тарапынан сұрақтар аз емес. Тауарларды цифрлық таңбалау жобасы ішкі нарықты контрафактілік және сапасыз өнімдерден қорғауға, отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

Отырыс соңында Премьер-министр Олжас Бектенов өзге де салалық мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді. Негізгі міндет Сауда министрлігіне жүктелді. Осы жылдың 1 қазанына дейін әлеуметтік маңызы бар тауарларға белгіленетін сауда үстемелерін бақылауды күшейту мақсатында цифрлық азық-түлік ваучерлерінің пилоттық жобасы іске қосылуы қажет. Бастама ең бірінші Көкшетау және Павлодарда қолға алынбақ.

 

Байболат Құлтанов