Интернет-алаяқтар тағы бір теріскейлікті құрыққа түсіре жаздады. Оқиға желісіне тоқталайық. Өткен аптада 68 жастағы қала тұрғынына белгісіз біреу қоңырау шалып, өзін медбикемін деп таныстырған. Кейін халыққа қызмет көрсету орталығының және облыстық ПД қызметкерімін деген. Тілдесу кезінде қоңырау шалушы азаматшаның атына несие рәсімделіп жатқанын, оны болдырмау үшін ақшаны “Қауіпсіз шотқа” аудару қажеттігін жеткізген.
— Он сказал мне все деньги снять, какие есть на депозите.
— Какая сумма у Вас была, на депозите?
— На депозите у меня большая сумма, но я сняла 2 миллиона 100 тысяч и сделала заявку на завтра, что мне деньги будут нужны.
Ақшаны шешкен зейнеткер сауда орталығына келіп, терминал алдында тұрған. Ұялы телефонмен сөйлесіп, операция жүргізіп жатқан жерлесімізді кезекшілікте жүрген тәртіп сақшылары дер кезінде байқап қалады. Полицейлер өздерін таныстырады, алаяқтық болуы мүмкін екенін ескертеді. Осылайша ақшаны аудармауға көндіреді.
— Тәртіп сақшыларына алғысым шексіз. Олар болмаса 2 млн теңгемнен айырылып қалар едім. Жерлестерімді аса мұқият болуға шақырамын. Жеке деректеріңізді ешкімге бермеңіздер. Бөгде біреулер хабарласса, тұтқаны көтермеңіздер. Тағы смартфондарыңызға кенеттен код келсе, бірден банк қызметкеріне хабарласу қажет. Мұның барлығын маған тәртіп сақшылары айтып берді.
Интернет-алаяқтыққа қатысты сандармен бөлісейік. Биылдың өзіңде 270-ге жуық жерлесіміз қулардың құрбаны болған. Келтірілген шығын көлемі 613 млн теңгеден асып жығылады.
Ақтолқын Солтанханқызы