Қонақтарға көрсетілген құрмет! Петропавлда басқа мемлекеттен келген азаматтарға туристік карталар таратылуда. Ол әуежайда және теміржол вокзалында үлестіріледі. Оның ішінде елімізде қолданылатын SIM карта бар. Сонымен қатар, түрлі қосымшаға өтуге мүмкіндік беретін QR-код көрсетілген. Сол арқылы керекті орынды табуға болады, қажеттілік туындаса, мейман полицияға да хабарласа алады.
Петропавл станциясындағы желілік полиция бөлімінің көші-қон қызметі мамандары Адлер-Иркутск пойызынан түскен адамдарға туристік карта таратып, мүмкіндіктерін түсіндірді және SIM картаны тіркеуге көмектесті.
ОЛЬГА КОСТНЕКОВА, жолаушы:
— Құрбым екеуміз Иркутск қаласынан Қарағандыға бара жатырмыз. Петропавлда бір күн боламыз. Бізді желілік бөлімнің көші-қон қызметі мамандарды қарсы алып, карта туралы түсіндірді. Менің ойымша, бұл – танымайтын, мүлдем білмейтін жерге келген адам үшін таптырмас дүние. Ол арқылы біраз мәлімет алуға болады екен. Енді осы SIM картаны қосып, QR-код арқылы қыдырамыз. Мұндай мүмкіндік үшін алғыс білдіремін.
Туристік карта – ел көлеміндегі бастама. Акция басталғалы бері Қазақстанда 85 мыңнан астам заман игілігі таратылыпты. Петропавлдық мамандар 1 күнде 50 шақты каратаны үлестіреді екен.
ТІЛЕУБЕРГЕН АХМЕРОВ, Петропавл станциясындағы желілік полиция бөлімі басшысының орынбасары:
— Бүгінгі күні елімізге Петропавл станциясы арқылы туристер көбінесе РФ мен ТМД елдерінен келеді. Біздің вокзал арқылы 10 шақты халықаралық жолаушылар пойызы өтеді. Еліміздің әрбір азаматы мен шетелдік жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз.
Петропавлда акция жалғасын табады. Қызметкерлер күн сайын шетелдіктерді қарсы алып, туристік картаны сыйға тартпақ.
Мәдина Қаби