“Балақай мектебі”. Осындай атаумен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №9 орта мектептің қабырғасында 1-ші сыныпқа баратын даярлық топтарының жұмысы басталды. 50-ден астам болашақ оқушы тамыздың 4-і мен 15-і аралығында арнайы бағдарлама бойынша тәлім алып, алдағы оқу жылына дайындалады. Ұстаздар балақайларға оқуды, жазуды және көпшілік ортада өз-өзін қалай ұстауды үйретеді.
ВИКТОРИЯ ЦЕПУХ, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №9 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі:
— Мектеп табалдырығын алғаш аттап отырған балалармен жұмыс істеу оңай емес. Олар бір орында ұзақ отыра алмайды, үйге асығады, жылап та алады. Араларында әріп танымайтын балақайлар бар. Біз барлығымен жеке-жеке тілдесеміз, үйретеміз. Әр баланың тілін табу үшін өзіндік тәсілдерді қолдану қажет. Сол арқылы ғана нәтижеге жетуге болады.
Тіл дамыту, сауат ашу, математика негіздері, сурет салу және еңбек. Осы сынды сабақтар күнде таңғы 9:00 мен 11:00 аралығында өтеді. Арасында ұстаздар ойындар ұйымдастырады. Олар ұл-қыздарды сергітуге және ойлау қабілетін жақсартуға негізделген. Жалпы, “Балақай мектебінің” жұмысы балалардың оқуға ынтасын арттыруға бағытталған. Бұл жерде әр бала білім алуға жан-жақты дайындалады.
ГҮЛДЕН ӘЛЕНОВА, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №9 орта мектептің директоры:
— Дайындық сыныптарына жазылу үшін ата-аналар өтінім білдіреді. Бірақ, оларға сабаққа қатысуға тыйым саламыз. Балалар мектепке өздігінше үйрене бастауы керек. Егер балақайлар жақындарын көрсе, еркелеп, үйренуге құлшыныстарын жоғалтады. Біздің мекемеде мектепалды даярлық топтары жыл сайын құрылады. Мұндағы әр ұл-қыз оқу жылы басталғанда ортасына тез сіңіседі.
Жаңа оқу жылы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №9 орта мектептің табалдырығын 144 балақай аттамақ. Ал мұндағы оқушының жалпы саны 1500-ге жуықтайды.
Ақтолқын Солтанханқызы