Аптадағы маңызды жаңалықтарАуыл шаруашылығы

Мамлют ауданында дәстүрлі “Дала күні” мерекесі өтті

СҚО – елімізде ауыл шаруашылығы бойынша беткеұстар аймақтардың бірі. Былтыр диқандарымыз 6 млн тоннадан астам өнім жиды. Биыл аталған көлемнен асып түсуіміз керек. Сол үшін Мамлют ауданы Меңгесер ауылында “Ұлы дала астығы” атты дала күні өтті. Шараға облысымыздың түкпір-түкпірінен келген диқандар қатысты. Басқосу барысында аймақтың бас аграрийі Дәурен Токужинов күзде қамбаны толтыру мақсатында атқарылған жұмыспен бөлісті.

ДӘУРЕН ТОКУЖИНОВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

— Биыл мемлекет тарапынан өңірдің ауыл шаруашылығын субсидиялауға 75 млрд теңге бөлінді. Қомақты қаржының 22 млрд теңгесіне 1200-ден астам су жаңа техника алдық. Бүгінде облыста егін жинау науқанына арналған 7 мың комбайн бар. Оның 4 мыңы – заманауи. Жалпы, техникаларымыз маңызды кезеңге 100 пайыз дайын деп нық сеніммен айта аламын.

Дала күні қатысушыларына арналған көрме ашылды. Аумаққа неше түрлі заманауи трактор-комбайндар қойылды. Ауыл шаруашылығына қажетті дүниелер де бар. Ақпарат ұсынушы жандар меймандарға әр заттың артықшылығы жайлы кеңінен айтып берді. Шара нағыз мереке мен тәжірибе алаңына айналды. Басқосуға саланың жілігін шағып, майын ішкен азаматтар шақырылған. Білікті мамандардың агросекторға енді келген жастарға айтары, үйретері көп.

НАҒАШЫБАЙ БАРЛЫБАЕВ, “Асхат Агро” ЖШС директоры, Мамлют ауданы:

— Алқабымызда дәнді, дәнді-бұршақты және майлы дақылдар өсіріледі. “Кең дала 2” бағдарламасы аясында жеңілдетілген пайызған қаржы алдық.

Шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин қатысты. Олар отандық диқандарды заманауи техникамен қамтамасыз етіп отырған “CLASS” зауытының су жаңа трактор-комбайндарымен танысты. Кәсіпорын маманы әр техниканың артықшылықтарын баяндады.

Барлығымыз білетіндей, Қазақстанда қазір Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өтіп жатыр. Сол себепті шараға Ұлттық статистика бюросы облыстық департаментінің өкілдері арнайы келген. Олар диқандарды маңызды бастамаға жаппай қатысуға шақырды. Жиын барысында облыс әкімі департамент басшысынан ағымдағы көрсеткіштерді сұрады.

ЖОРАБЕК ДӘУРЕНОВ, ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы СҚО бойынша департаментінің басшысы:

— Облыстағы серіктестіктердің 20 пайызы санақтан өтті. 80 мыңнан астам үй шаруашылығы да маңызды науқанға қатысуы тиіс. Аудан әкімдіктері қолдау білдіруде.

Айтулы шараның Меңгесер ауылында өтуі тегіннен тегін емес. Мұндағы “Мамбетов и К” – облыстағы ең беделді серіктестіктердің бірі. Бір сөзбен айтқанда, меймандарға көрсетер дүние жеткілікті. Қатысушылар ертең жинаған тәжірибені өздерінде қолданады, сол арқылы белгілі бір жетістікке жетеді. Басқосудың басты мақсаты да осы.

Содан соң жиналғандар Меңгесер ауылындағы мәдениет үйіне ағылды. Жиында алдағы орақ науқанына дайындық жайы пысықталды. Шара шымылдығын облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамебетов ашты.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Шараның арқасында диқандар тәжірибе алмасады, жаңа, озық технологиялар көрсетіледі. Ауыл шаруашығы мемлекет басшысының жіті назарында. Қасым-Жомарт Кемелұлы саланы экономиканың негізгі қозғаушы күші деп есептейді.

Атқарар жұмыс жетерлік. Алда маңызды міндеттер тұр. Ал оларды орындау үшін бір жеңнен қол шығарып, сенімді түрді алға басу қажет. Бұл теріскейлік тауар өндірушілердің қолынан келеді.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

— Өңірдегі егіс алқабының көлемі 4,3 млн гектарды құрайды. Оның ішінде дәнді-дақылдар – 3,3 млн гектар аумаққа, майлы дақылдар – 760 мың, жемшөп 379 мың гектарға егілді. Облысқа ауыл шаруашылығы министрлігі машина-трактор паркін 7 пайызға жаңартуды тапсырған болатын. Біз қойылған талапты толығымен орындадық. 

Келелі кездесу соңында аймақ басшысы Ғауез Торсанұлы еңбек адамдарына маңызды науқанға ерте шығып, көпке созбай аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар, рекордтық көлемде өнім алуды тіледі.

 

Нұрасыл Ахмет