Қоғам

Әскерден қашқандарға 4 миллион теңгеге дейін айыппұл салынады

Қазақстанда әскерге шақыру тәртібі өзгерді. Бірқатар маңызды жаңашылдықты Үкімет бекітті. Енді болашақ сарбаздарды жасақтаумен айналысатын мамандар шақыру қағазын азаматтың тұрғылықты мекенжайы бойынша ғана емес, оның жұмыс немесе оқу орнына барып та тапсыра алады. Ал егер тұлға орнында болмаса, оның жақын туысына немесе ұйым басшысына тапсырып, қол қойғызуға мүмкіндік бар.

Шақырылым мерзімдері нақты белгіленді.
• Көктемгі шақырылым: 1 наурыз – 30 маусым.
• Күзгі шақырылым: 1 қыркүйек – 31 желтоқсан.

Әскерге бөлу кезінде білім мен мамандық ескеріледі. Яғни, шақыру комиссиясына мүшелік ететін мамандар азаматтың тек денсаулығына мән бермейді. Өзге де факторларға сүйенеді.

• білім деңгейін,
• бар мамандығын,
• арнайы дайындығын ескере отырып шешім қабылдайды.

Арнайы комиссияның шешімінен кейін әскери бөлімге жіберілген азаматтар қос данада акт толтыра отырып, толық медициналық тексерістен өтеді. Ал қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы мен оның орынбасарлары болашақ сарбаздармен тәрбиелік және идеологиялық жұмыс жүргізеді, ата-аналармен кездесіп, салтанатты шығарып салу рәсімін ұйымдастырады.

Жүйелі ақпараттық база қалыптастырылады. Енгізілген жаңашылдықтардың бірі – әрбір шақырылатын азамат туралы жүйелі ақпарат жинау. Бұл мәліметтерге мыналар кіреді:

• Іскерлік және жеке қасиеттері,
• Физикалық дайындығы,
• Білімі мен арнайы дайындық деңгейі,
• Отбасылық жағдайы.

Сонымен қатар, денсаулық сақтау ұйымдары шақыру органдарына созылмалы аурулары бар тұлғалар жайлы деректерді тікелей жолдайды. Ал әскерден қашқандарға шара қолданылады. Жауапкершіліктен жалтару – қылмыс.

Әскери борышын өтеуден жалтарғандарға қатысты қатаң жаза қарастырылған. Оларға:
• 4 миллион теңгеге дейін айыппұл,
• немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде жаза қолданылуы мүмкін.

Жазаның тағы бір түрі – тұлғаны түзету немесе қоғамдық жұмыстарға тарту. Ал егер шақырылушы сотқа дейін өз еркімен шақыру комиссиясына келсе, ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.

 

Байболат Құлтанов