Демалыс күні Петропавлдың “Қапай” шағын ауданында да өрт оқиғасы орын алды. Әуезов 193а мекенжайы бойынша орналасқан жер үй отқа оранды. Баспананың жалпы ауданы – 120 шаршы метр. Мамандар тілсіз жауды кешкі 7-ге таман толығымен сөндірді. Абырой болғанда зардап шекендер жоқ. Нысан ішінен 2 газ баллоны шығарылған. Қазіргі уақытта оттың шығу себептері анықталып жатыр. Жалпы, жыл басынан бері облыс аумағында 281 өрт оқиғасы тіркелген.
АСЛАН АХМЕТЖАНОВ, СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:
— Жыл басынан бері тілсіз жаудан 17 адам қаза тапты, оның 3-еуі – бала. Сонымен қатар, 25 адам түрлі дене жарақатын алды. Қызыл жалын көп жағдайда тұрғындардың қауіпсіздік ережелерін сақтамағаннан пайда болады. Биыл өңірде өрт оқиғалары жиілей түсті. Сандарға көз жүгіртсек, былтырғы көрсеткіштен 17 пайызға басым екенін көреміз. Бұл – алаңдатарлық жайт.
Өрт кезінде кез келген адам абдырап қалады. Ал мамандар сабырлық сақтауға шақырады. Бірден диспечерге хабарласу қажет. Телефон арқылы оқиға орнын нақты айтқан жөн. Сосын ненің жанып жатқанын қатесіз хабарлаған абзал. Тілдесу соңында тегіңіз бен телефон нөмеріңізді айтасыз. Әр секунд маңызды, сондықтан осы қағиданы білу керек.
Ақтолқын Солтанханқызы