Осыдан бір ай бұрын екі жылға созылған республикалық командалық айтыс өз мәресіне жетті. Еліміздің 20 аймағынан өнерпаздар қатысқан дүбірлі доданың ақтық сыны Маңғыстауда өтті. Сайыс қорытындысы бойынша солтүстікқазақстандық сүлейлер үшінші орынға табан тіреді. Ақан сері, Үкілі Ыбырай туған мекеннің намысын абыроймен қорғаған жерлестерімізге бүгін облыс орталығында құрмет көрсетілді. Аймақ басшысының орынбасары Жүсіп Жұмағұлов өнер саласында жүрген барша жанға алғысын білдіріп, алдағы аламандарда сәттілік тіледі.
ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО әкімінің орынбасары:
— Биылғы жыл біз үшін өте табысты жыл болды. Жетістіктердің барлығы сіздердің талмай, тынбай еңбек еткендеріңіздің арқасы. Еңбек еткен барша азаматқа шын жүректен алғысымды білдіремін.
Дүбірлі додада тек айтыскер ақындар сайысқан жоқ. Командада дәстүрлі әнші, күйші, термеші болды. Яғни, әкенің қанымен, ананың сүтімен дарығын ұлы өнеріміздің бірнеше түрі бір сахнада көрініс тапты.
ЖАРҚЫН ЖҰПАРХАН, айтыскер ақын:
— Бұл командалық айтыста айтыстың 4 түрі бойынша сынға түстік. Оған қоса дәстүрлі ән, күй бойынша мықтылар анықталды. Өздеріңіз білетіндей, наурыз айында Петропавлда өткен сайыста өскемендік команданы жеңдік. Кейін Астана қаласының командасынан жеңілдік.
Облысымыздың намысын қорғаған айтыскер ақындардың бірі – Жұмабек Рахимов. “Ақынға қара сөзден өлең оңай” деп жатады. Дегенмен, кіл үздіктер қосылатын аламан үлкен дайындықты талап еткен. Жерлестеріміз біраз дайындалыпты. Соның арқасында көсіле шапты, додадан баға жетпес тәжірибе жинады.
ЖҰМАБЕК РАХИМОВ, айтыскер ақын:
—Біріншіден, ауызбіршілігімізді дәлелдедік. Екіншіден, елімізде өнердің дамуына атсалыстық. Мен Шығыс Қазақстан облысынан келген ақынмен сайыстым. Айтыс өте жақсы болды.
Республикалық командалық айтыста Біржан Есжановтың қанжығасы 2 мәрте майланды. Жезтаңдай жерлесіміз “Үздік дәстүрлі әнші” аталымында топ жарды.
БІРЖАН ЕСЖАНОВ, “Үздік дәстүрлі әнші” аталымының иегері:
— Бұл – үлкен тартысты жоба. Әншінің жұмысын кейбіреуі оңай деп ойлайды. Негізінде оңай емес, әншілік өнердің өзіндік техникасы бар.
Біржан Есжанов – жастарды өнерге баулып жүрген ұстаз. Сұхбат барысында “Жастар жағы бұл бағытқа қызығады ма?” деген сұрақ қойдық.
БІРЖАН ЕСЖАНОВ, “Үздік дәстүрлі әнші” аталымының иегері:
— Ақындық өнер өңірімізде керемет дамып жатыр деп айта алмаймыз. Дәстүрлі ән де өз шамасымен дамуда. Студенттердің көбісі кәсіби білім алып жатыр.
Кездесу барысында Жүсіп Жұмағұлов солтүстікқазақстандық команда мүшелерін облыс әкімі атынан Алғыс хатпен марапаттады. Жалпы, республикалық жарыста 1-ші орынға қарағандылық және түркістандық таланттар ие болды. Екінші сатыға астаналық және ақтөбелік өнерпаздар жайғасты. Ал үздік үштікті теріскейліктер мен қызылордалық қатысушылар түйіндеді.
Мәдина Қаби