Қоғам

Петропавлда 200 сарбаз ант қабылдады

200 сарбаз. Қаз-қатар сап түзеген жігіттер ант қабылдау рәсіміне сақадай сай. Сарбаздар Отан алдындағы борышты өтеу үшін Петропавлға еліміздің 6 облысынан келген. Олар: Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Алматы, Ұлытау және өзіміздің Солтүстік Қазақстан. Тепсе темір үзер ұландардың арасында көкшетаулық Мансұр Көбеев те бар. 18 жастағы жалынды жастың ағасы да әскерге барып, ер міндетін орындапты. Ағасын үлгі тұтар азамат өз еркімен жауынгер атануды жөн көрген.

МАНСҰР КӨБЕЕВ, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің сарбазы:

—  Мен Көкшетау қаласынан келдім. Әскери ант қабылдадым, өз еліме адал болуға ант етемін. Мені қолдап ата-анам келді.

Бұл жігіттер осыдан 2 ай бұрын ғана әскерге шақыртылған. Осы аралықта жас сарбаздар балалықты ұмытып, темірдей тәртіпке үйренді. Алда маңызды міндеттер тұр. Жауынгерлер Ұлттық ұланның ережесіне сай тапсырмаларды орындайды. Оларға күннің ыстығы да, суығы да кедергі болмайды.

ДОСАН КҮРКЕНОВ, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің командирі:

Ант қабылдаған соң біз бұл балаларды роталарға бөлеміз. Кейін жас жауынгерлер Петропавл қаласында қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша қызмет атқарады. Күн сайын 200 сарбаз түнгі 1-ге дейін шаһар тыныштығын қадағалайды. Сонымен қатар, мекеме күзетеді және өзіміздің ішкі қызметіміз бар.

Ант қабылдау рәсіміне жас сарбаздардың алыс-жақыннан ата-аналары, туыс-туғандары және дос-жарандары келген. Олар сарбаздарға сүйсіне әрі марқая қарады. Ана жүрегі қашан да елжіреп тұратыны сөзсіз. Кеше ғана доп қуалап жүрген бала бүгін ел қорғаны атанды. Мұндайда кез келген ақжаулықты уайымға салынады.

Ант қабылдау рәсімінен кейін сарбаздар 2 күндік демалысқа шықты. Олар қысқа мерзімді демалысты жақындарымен өткізіп, сағыныштарын басты.

 

Ақтолқын Солтанханқызы