Жексенбінің кешінде петропавлдық өрт сөндірушілер білек сыбана тер төкті. Қас қарайған кезде Жабаев көшесіндегі 9 қабатты тұрғын үйдің 5-ші қабатында орналасқан пәтерлердің бірінде қызыл жалын бас көтерді. Тілсіз жау 20 шаршы метрге жайылды. Оқиға орнына жедел жеткен мамандар 97 адамды баспалдақпен қауіпсіз жерге шығарды. Ал 29 адам автокөлік сатысымен төмен түсіріліп, оттан құтқарылды. Оның ішінде 6 бала болды. Тұрғындар мен үй жануарлары түтін басқан ғимараттан дер кезінде шығарылғанның арқасында зардап шеккендер тіркелген жоқ. Қазір төтенше жағдайдың себеп-салдары анықталып жатыр.