Денсаулық сақтау

Дәрігерлер ауыр дертке шалдыққан науқасты аяққа тұрғызды

Петропавлда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында 45 жастағы ер адамға ота жасалды. Айыртаулық Александр Кобзевты бас ауруы бұрыннан мазалаған. Ем-дом қабылдауға мүмкіндік болмапты. Себебі, ол кезде азаматтың салмағы 145 келіні құраған. Ал мұндай салмақты МРТ аппараты көтере алмаған. Дерттің әсерінен науқас 120 келіге дейін түседі. Осыдан 1 ай бұрын қатты ауырып қалады. Сонда анасы көпбейінді облыстық ауруханаға жеткізеді.

БАЛХАР ШАТУЕВ, облыстық көпбейінді аурухананың нейрохирург дәрігері:

— Александрдың сол жағы жансызданып, қимыл-қозғалысы нашарлады. Көру қабілеті де төмендеді. Мұның барлығын назарда ұстадық. Науқас ауруханада 3 күн жатты, МРТ аппаратына түсті, қажетті анализдерді тапсырды. Осы арқылы мида ісік барына көз жеткіздік. Көлемі 6,5-6-6 см құрады. Оған операция жасадық. Барлығы біз ойлағандай өтті.

Алынған ісік гисталогоиялық тексеріске жіберілді. Қандай түрі екені жақында анықталады. Кейін қажетті ем-дом шаралары тағайындалады. Егер обырдың қатерлі түрі болса, химиялық емдеу жасалады.

АЛЕКСАНДР КОБЗЕВ, Саумалкөл ауылының тұрғыны, Айыртау ауданы:

— Ауруханаға түскен күні денемді сезбедім. Бір ай бойы басым ауырды, есімді жоғалттым. Ал қазір өзімді жақсы сезінемін. Әзірге көзім нашар көреді. Енді көзілдірік тағатын боламын. Денсаулығымды күтіп, ауыр жұмыс істемеуге тырысамын. Дәрігерлер мен медбикелерге алғыс білдіремін. Осы кісілердің арқасында өмірге қайта келдім десем болады.

Александр Кобзев алдағы бейсенбі күні үйге жіберіледі. Айта кетейік, адам өмірі сақталған отаның құны 4 млн теңге тұрады.

 

Мәдина Қаби