Петропавлда аптаның әр сенбісі күні ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Оған өңіріміздің түкпір-түкпірінен келетін тауар өндірушілер қатысып жатыр. Табиғи таза өнімдер шаһардың «Алтын Арман», «Қызылжар Ақбастау» және «Дария» сынды базарларында таңнан бері сатылады.
АЛЕКСАНДРА РУДИНА: СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының баспасөз хатшысы:
— 2024 жылы облыс орталығында 139 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Кәсіпкерлер 200 тоннадан астам өнім сатты. Дәстүр биыл да жалғасын тапты. Дәл қазір «Қызылжар Ақбастау» базарында Есіл, Жамбыл және Уәлиханов ауданының тауар өндірушілері сауда жасауда. Ал «Дария» базарында мамлюттік кәсіпкерлер арнайы әкелген азық-түлікті сатуда.
“Алтын Арман” базарына Ғабит Мүсірепов, Ақжар және Тимирязев ауданының іскер жандары келген. Жиналған халықтың қарасы қалың. Сауда таңғы 8-де басталды. Тұрғындар сөреге қойылған түрлі тауарды тамсана сатып алды. Өнім сапалы әрі бағасы қалта қақпайды.
— Бәрі ұнайды, өнімнің барлығы жақсы, төмен бағамен алып жатырмыз. Бүгін қаймақ, май сатып алдым. Енді ет алу керек, өзіме ұнағанын таңдап аламын. Жәрмеңкеге апта сайын келемін. Үнемі ет аламын, бағасы қалта қақпайды, дүкендегі бағадан әлдеқайда төмен. Мұндай жәрмеңке ұдайы болып тұрсын.
Сары май, ірімшік, сүт, бал, ет, картоп. Небәрі 1 сағаттың ішінде сөреге қойылғанның барлығы азайып қалды. Тұрғындар үшін де, кәсіпкерлер үшін де сауда сәтті өтуде. Әсіресе, Ақжар ауданының өкілдері дән риза. Саудагерлер ауылдан әкелген тауардың басым бөлігін сатып үлгерген.
МАҚСАТ ҚЫЗЫРОВ, Алқатерек ауылдық округінің әкімі, Ақжар ауданы:
— Апта сайын жәрмеңкеге қатысамыз. Ауданымызда 6 ауылдық округ бар, жұма сайын өзара ауысып келіп тұрамыз. Бүгінгі саудамыз жақсы өтіп жатыр. Ауылдан 2 қой әкелген едік, содан 5-10 келідей ғана қалды.
Сандарды тағы да сөйлетсек, жыл басынын бері облыс орталығында 78 ауыл шаруашылғы жәрмеңкесі өткен. Тұрғындар үшін аса тиімді сауда алаңдарында 116 тонна өнім сатылыпты. Ал ендігі жәрмеңке алдағы сенбі күні ұйымдастырылады.
Ақтолқын Солтанханқызы