Петропавлдағы теміржол вокзалы арқылы күніне ондаған пойыз өтіп, жүздеген адам қатынайды. Оларды қарсы алу және шығарып салу – мұндағы мамандардың негізгі міндеті. Жұмыс аса жауапты. Қауіпсіздікке, тәртіпке және қызмет сапасына күндіз-түні назар аудару қажет. Сала ардагері Татьяна Жарких өткен күндерді сағына еске алады. Ол бұл жерде талай жыл тер төкті. Тамыздың бірінші жексенбісі – Теміржол көлігі қызметкерлері күні қарсаңында әріптестерімен қауышып, мерекемен құттықтауды жөн көрген.
ТАТЬЯНА ЖАРКИХ, Оңтүстік Орал темір жолы “Петропавл” станциясы ардагерлер кеңесінің төрағасы:
— Сонау 1983 жылы теміржол вокзалының табалдырығын аттадым. Осы жерде 33 жыл тер төктім. Мұндағы барлық лауазымда еңбек еттім. Ең қиын, ең жауапты жұмыс – вокзал бойынша кезекші. Бұл лауазымдағы адам іштегінің және сырттағының барлығын біліп тұру қажет. Заттарын жоғалтқан жолаушылар болады. Соларға көмектесесің. Түрлі келеңсіз жайттар орын алады. Мұндай жағдайда да адамдарды сабырға шақырып, мәселені шешесің.
Татьяна Жарких зейнетке шықса да бұрынғы әріптестерімен тығыз байланыста. Ол – Оңтүстік Орал темір жолы “Петропавл” станциясы ардагерлер кеңесінің төрағасы. Бұл ұйымға 360 адам мүшелік етеді. Қазыналы қарттар жиі кездеседі, түрлі бастамаға мұрындық болады және жастарға ақыл-кеңес береді.
ТАТЬЯНА ЖАРКИХ, Оңтүстік Орал темір жолы “Петропавл” станциясы ардагерлер кеңесінің төрағасы:
— Жастарға айтарым, ешқандай жұмыстан қашпаңдар. Біз кезінде “үйренеміз, еңбек етеміз, елге пайдамызды тигіземіз” деп ұрандаттық. Соның арқасында маман ретінде қалыптастық, адал достар таптық. Әрине, қиындықтар болады. Күрделі кезеңдерде еңсені түсірмеу қажет. Өмір мықтыларды, шыдамды жандарды жақсы көреді. Вокзалда жастар көп екен. Өте қуаныштымын. Қыз-жігіттерді көріп, өзімнің жастық шағымды еске түсірдім.
Сондай жалынды жастың бірі – Мадина Жұманғалиева. Бойжеткен – Бәйкен Әшімов атындағы машина жасау және көлік колледжінің биылғы түлегі. Ол билет кассирі қызметін атқарады. Вокзалдағы ең жас маман асқан мұқияттылық талап етілетін жұмысын жақсы көреді екен.
МАДИНА ЖҰМАНҒАЛИЕВА, Оңтүстік Орал темір жолы “Петропавл” станциясының билет кассирі:
— Бәйкен Әшімов атындағы машина жасау және көлік колледжінде оқыдым. Бұл – менің бала күнгі арманым. Қолыма диплом алған соң осында жұмысқа тұрдым. Жаңа ортаға бірден үйреністім. Әріптестерім үнемі қолдап, ақыл-кеңестерін айтады. Өз жұмысымды ерекше жақсы көремін. Мұнда құлшыныспен келемін. Адамдармен сөйлескенді, көмектескенді ұнатамын. Темір жол саласын таңдағаныма қуаныштымын.
Теміржол көлігі қызметкерлері күні елімізде былтырдан бастап бөлек атап өтіледі. Атаулы дата көпжылдық үзілістен кейін қайта оралғанын білу қажет.
Байболат Құлтанов