Абылай хан резиденциясы алдында ҚР Ұлттық ұланы академиясы арқылы Түркия мен Ресейдегі жоғары орындарына түскен курсанттар ант қабылдады. Талапкерлер Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналып отыр. Олар қарапайым өмірді емес, әскери өмірді таңдады. Оқуды аяқтаған соң елге қызмет еткілері келеді. Азамат Тұрсынханов сонау Семей қаласынан келген. Тепсе темір үзер жігіт Анкарада білім алмақ. Ол өзге курсанттар сияқты жергілікті академия қабырғасында физикалық тапсырмаларды орындап, сынақтан сүрінбей өткен.
АЗАМАТ ТҰРСЫНХАНОВ, курсант:
— Осыған дейін Семей қаласында “Жас ұлан” мектебінде оқыдым. Ол жақта 7 жыл білім алдым. Осы оқу орынына түсуді 7-8-ші сыныптан бері армандап жүрдім.
Оқуға тек жігіттер аттанып жатқан жоқ, араларында қыздар да бар. Бойжеткендер ортаға шығып, ант қабылдады. Тарихи сәттің куәсі болу үшін ата-аналар арнайы келіпті. Олар ел қорғандарына сәттілік тіледі.
НҰРЛАН ҚАЗБЕКОВ, Саумалкөл ауылының тұрғыны, Айыртау ауданы:
— Қызым Алина Қазбекова Петропавл қаласындағы колледжде заңгер мамандығына оқыды. Енді Санкт-Петербург қаласына оқуға барады.
Осы жылы елімізден 25 курсант аттанып отыр, ал былтыр 40-қа жуық қыз-жігіт білім алуға жіберілген. Шетелдердегі оқу орындарымен әріптестік бұрыннан бар. Шекара сыртында оқыған жастар 4 жылдан соң елге оралып, қызмет етеді.
СӘБИТ ИРГИБАЕВ, ҚР ҰҰ академиясының взвод командирі:
— Талапкерлер бұған дейін бірнеше сынақтан өтті. 100 метрге және 3 шақырымға жүгірді, белтемірге тартылды. Барлығы сынақтардан сүрінбей өтті. Жақында олар қысқа мерзімді демалысқа шығады. Кейін академияға қайта оралады. Тамыз айының соңында жолға шығады. Алдымен Ресейді таңдаған жастарды шығарып саламыз. Курсанттар көрші елдің 6 қаласына аттанады. Ал Түркияда тек астанасында оқиды.
ҚР Ұлттық ұланы академиясына келсек, биыл бұл іргелі оқу орнына 200-ге жуық курсант түсіпті. Олар қыркүйек айында салтанатты түрде ант қабылдайды.
Мәдина Қаби