Мамлют ауданы Новомихайловка ауылында ауыл шаруашылығы санағы жүргізілді. Арнамыздың түсірілім тобы аталған елдімекенде болып, жұмыс барысымен танысты. “Новомихайловское 2003” серіктестігінің директоры Вячеслав Шёголев бұл бастама салаға қарқын береді деп санайды. Аудандағы беткеұстар шаруашылықтың басшысы жауапты министрлік санақтың қорытындысы бойынша жаңа жобаларды жүзеге асыратынына сенімді.
ВЯЧЕСЛАВ ЩЁГОЛЕВ, “Новомихайловское 2003” ЖШС директоры, Мамлют ауданы:
— Біз егін және мал шаруашылығымен айналысамыз. 14 мың гектар егістік алқабымыз бар. Оған майлы, бұршақты және дәнді дақылдардың тұқымын сіңірдік. Жылда мол көлемде өнім аламыз. Ең бастысы ауа райы кедергі болмаса болды. Ауыл шаруашылығы санағы елге қажет. Есеп-қисап жаңашылдықтарды өмірге әкеледі.
Серіктестікте мал шаруашылығы да оң жолға қойылған. 700 қазақтың ақбас сиырын, 200 жылқы мен 300-ге жуық Шопан ата төлін ұстайды. Мұның барлығына жұмыс күші қажет. Шаруашылықта 140-тан астам қызметкер бар.
ВЯЧЕСЛАВ ЩЁГОЛЕВ, “Новомихайловское 2003” ЖШС директоры, Мамлют ауданы:
— Қызметкерлерімізге бар жағдайды жасаудамыз. Жалақылары 250 мыңнан кем емес. Оларға баспана да салып береміз. Сондай-ақ, ауылдан көшіп кетіп жатқан жерлестеріміздің үйін сатып алып, мамандарымызға береміз. Жыл сайын машина-трактор паркін жаңартудамыз. Күні кеше ғана 6 су жаңа техника әкелдік.
Санақ тамыз айының 1-ші жұлдызынан 31-іне дейін онлайн түрде жүргізіледі. Нивомихайловка ауылдық округінің ғимаратында тұрғындар мен кәсіпорын өкілдеріне арналған ноутбуктар қойылған. Мұнда кез келген адам келіп, өздерінде бар малдың санын “sanaq.gov.kz” сайтына енгізе алады.
ДМИТРИЙ МАМЫКИН, Мамлют аудандық статистика басқармасының басшысы:
— Мамлют ауданында барлығы 77 серіктестік пен 190-ға жуық жеке кәсіпкерлік бар. Олар сайтқа өздерінде бар мал түрін және оның санын енгізу қажет. Тіпті, техникалары да түгенделуі тиіс. Бұл жалғыз кәсіпорындарға арналған талап емес. Қарапайым ауыл тұрғындары да санаққа қатысуы тиіс.
Новомихайловка ауылында 290-ға жуық үй бар. 700-ге жуық адам тұрады. Ауыл шаруашылығы санағы саладағы өзекті мәселелерді шешуге, дұрыс қаржы бағыттауға, бір сөзбен айтқанда, қарқынды дамуына зор септігін тигізеді.
Нұрасыл Ахмет