Елімізде есірткі қылмысының алдын алуға қанша күш салынғанымен көңіл көншітерлік ауқымды нәтиже болмай тұр. Салаға жаңашылдық керек. Ал өзгерісті бір қадам алда жүретін IT-мамандары әкеле алады. Петропавлдағы “Qyzyljar” креатив орталығында заманауи технологияның тілін бес саусақтай білетін жандар мен тәртіп сақшылары кездесу өткізді.
ЗАРИНА ПОПОВА, СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі:
— Жыл басынан бері өңірімізде 170-тен астам есірткі қылмысы тіркелді. Заңсыз айналымнан 400 келіден астам есірткі алынды. Біз құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында ауқымды жұмыс атқарып жатырмыз. IT-мамандармен күш біріктіргіміз келеді. Олар бізге жаңа жобаларды ұсынса, нұр үстіне нұр болар еді. Бүгін тараптар бір-бірін тыңдап, келісімге келеді деп ойлаймыз.
IT-мамандары жаңашылдыққа қашан да құмар. Маңызды басқосуға астаналық өнертапқыштар қатысты. Олар Петропавлға арнайы шақыру бойынша келіпті. Салада біраз жылдық тәжірибелері бар жігіттер есірткі қылмысының алдын алу бағытында жасанды интеллекті пайдаға жаратқылары келеді.
РОМАН ТЮКАНЬКО, IT-компанияның өкілі, Астана қаласы:
— Біздің медицина саласында азды-көп тәжірибеміз бар. Бұл бағытқа жасанды интеллекті енгіздік. Жобаларымыз қазір жер-жерде пайдаға асуда. Енді құқық қорғау органдарының өкілдеріне жәрдемдессек дейміз. Жасанды интеллект арқылы күмәнді чаттарды, каналдарды және сайттарды анықтауға болады. Көмегі мол. Тек дұрыс бағыттаған жөн. Бұдан бөлек те жобаларымыз бар. Біз арнайы шақыру бойынша келдік. Әріптестік орнатуға дайынбыз.
Бұл жиынға түрлі саланың өкілі шақырылған. Барлығы халыққа жақын. Оларға есірткі қылмысының кең таралған түрлері жайлы да айтылды. Бірінші кезекте Telegram арналарға мән беру қажет. Оңай жолмен ақша табуды көздейтін қулар әлі де осы қосымша арқылы табыс табуда және үлкен мен кішіні улауда.
Байболат Құлтанов