“Емізуді қолдау – болашаққа инвестиция”! Осындай ұранмен елімізде тамыздың 1-і мен 7-сі аралығында Дүниежүзілік баланы емізу апталығы өтіп жатыр. Бұл – жыл сайын ұйымдастырылатын шара. Одан петропавлдық ақхалаттылар қалыс қалмады. Мамандар апталық аясында 3-ші қалалық емхана филиалында медицина қызметкерлеріне арнап тренинг өткізді. Болашақ анаға қандай ақыл-кеңес беру қажет? Ана сүті балаға қаншалықты пайдалы? Кездесуде осы сынды сұрақтарға жауап табылды.
ГҮЛНҰР БЕКЕБАЕВА, СҚО бойынша Жастар денсаулығы орталығының педиатр-дәрігері:
— Біз аналарға екі жасқа дейін балаға емшек сүтін беру керек екенін айтамыз. Дегенмен, аналар өздерінің денсаулығына да қарау керек. Егер 2 жасына дейін емізе алса, баланың дамуына пайдасы зор болады. Себебі, ана сүті баланың иммундық жүйесін қалыптастыруға және түрлі инфекциялық аурулармен күресте маңызды рөл атқарады.
Емізудің анаға да пайдасы бар. Емізу босанудан кейінгі асқынулардың, жүрек ауруларының, сүт безі және аналық безі обырының қаупін азайтады. Мұны түрлі қоспаға жүгіретін нәзікжандылар есте сақтау қажет. Кездесу барысында сәбиді қоректендірудің 2 түрі жайлы толығырақ айтылды.
ГҮЛНҰР БЕКЕБАЕВА, СҚО бойынша Жастар денсаулығы орталығының педиатр-дәрігері:
— Емшек сүтімен қоректендіру арқылы баланың семіздік және қант диабеті сынды ауруларға шалдығу қаупін азайтамыз. Соңғы кездері қоспа беретін аналар балаларының артық салмақпен жүргенін алға тартуда.
Жаңа туған нәрестені емізудің де өзіндік тәсілдері бар. Оны тәжірбиесі жоқ жас ана біле бермейді. Азаматшалардың сауатын ашу үшін емханаларда денсаулықты нығайту кабинеттері құрылған. Мұндағы мамандар нәзікжандыларға әртүрлі бағытта ақыл-кеңес береді.
ЖҰМАБИКЕ СӘРСЕМБАЕВА, №3 қалалық емхана денсаулықты нығайту кабинетінің медбикесі:
— Кейбір ата-аналар отбасында болған қайғылы жағдайға байланысты келеді. Яғни, аналарды стресс салдырынан сүттің тартылып кетуі мазалайды немесе кесар тілігі арқылы босанған аналар балаларын емізе алмай қалып жатады. Біз жан-жақты қолдау көрсетеміз.
Мамандардың сөзінше, ақпарат толы апталықтың пайдасы зор. Қазақстанда 2023 жылдан бері табиғи жолмен тамақтанатын балалардың көрсеткіші 10 пайызға өскен.
Ақтолқын Солтанханқызы