Қоғам

Аңшыларға қаруды сақтау тәртібі түсіндірілді

Полиция департаменті қызметкерлері Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы Булаево қаласында аңшылармен кездесу өткізді. Басқосуда қаруды ұстау және сақтау қауіпсіздігі жайлы сөз болды. Қазіргі таңда облыста тұяқты жануарларға аңшылық жасауға болады. Алдағы уақытта су құстарын қанжығалауға рұқсат етілмек. Бұл ретте сайын дала мен өзен-көлдерде сауық құрғанды жаны сүйетін теріскейліктер негізгі талаптарды білуі қажет.

Аңшылардың дені қару сақталатын темір жәшікте ақша, құжат пен басқа да құнды заттарды сақтайды. Бұған заң бойынша қатаң тыйым салынған. Одан қалды, қаруды қапталмаған күйде, оқталған түрде тасымалдауға болмайды. Бұл – өрескел бұзушылық. Жазатайым оқиға да алып келуі мүмкін. Сонымен қатар, мас күйде қарумен жүруге, аңшылық шаруашылықтардың аумағына баруға рұқсат етілмейді.

Шара барысында полицейлер тіркелмеген қаруды қолданған, сақтаған азаматтар қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын еске салды. Мұндай қару міндетті түрде тұлғаның бастамасы бойынша ішкі істер органдарына тапсырылуы тиіс.