Аптадағы маңызды жаңалықтарСҚО әкімдігі

Президент облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовты қабылдады

Президент облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовты қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа аймақтың биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп берілді. Ауыл шаруашылығында ауыз толтырып айтарлықтай оң өзгеріс бар.

☑️ Майлы және жем-шөп дақылдарының егістік көлемі ұлғайған;
☑️ Тұқым жаңарту деңгейі 11,2 пайызға жеткен, су үнемдеу технологиялары белсенді енгізіліп жатыр;
☑️«Кең Дала 2» бағдарламасы аясында шаруаларға 97 миллиард теңге бөлінген. Биыл мемлекеттік қолдау ауқымы былтырғымен салыстырғанда 24 пайызға артқан;
☑️ СҚО елімізде сүт өндірісі бойынша алғашқы үштікке кіреді, соның ішінде сүт өндіру кешендерінің саны жағынан көш бастап тұр.

Инвестиция жайлы айтайық. Облыста жалпы сомасы 893 миллиард теңгені құрайтын 52 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде 7,5 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. Тұрғын үй құрылысы да қарқын алды.

☑️ Биыл 332 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Қазіргі таңда 5 көпқабатты үй тапсырылды. Жыл соңына дейін тағы да 11 нысанның құрылысы аяқталады;
☑️ Әлеуметтік осал топқа жататын азаматтар үшін биыл 258 пәтер сатып алынады.))

Аққайыңдар өлкесінде ұлттық жобалар сәтті жүзеге асуда. Жаңа бастамалардың арқасында ондаған заманауи нысан ашылып үлгерді.

☑️ «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Петропавл қаласында 600 орындық жаңа заманауи мектеп салынды. Сонымен қатар 280 орындық балабақшаның құрылысы жүргізілуде;
☑️ Денсаулық сақтау саласында ауылдық жердегі 46 медициналық нысан жаңғыртылды. Өңірге медицина мамандарын тарту мақсатында жүйелі жұмыс атқарылып жатыр.

Кездесу соңында Президент жиын-терін науқанына дайындықтың, агроөнеркәсіп саласындағы инвестициялық жобаларды уақытылы жүзеге асырудың маңызына назар аударды. Сонымен қатар, Петропавлдағы 2-ЖЭС-ті жөндеу және жылумен, энергиямен қамтамасыз ету желілерін жаңғырту жұмыстарын жылдам аяқтау қажет екенін ескертті.

 

Мәдина Қаби