Биыл әуе-десант әскерлерінің пайда болғанына 95 жыл толса, Қазақстандағы десанттық-шабуылдау әскерлерінің құрылғанына 25 жыл толады. «Бізден басқа ешкім емес» деп ұрандататын жалынды азаматтар – осылар. Олар әртүрлі жылда ер міндетін орындады. Бірақ, кешегі сарбаздарды мызғымас достық пен бір-біріне деген құрмет әрдайым біріктіреді.
БАУЫРЖАН САРБАЕВ, шараға қатысушы:
— Десантшы жігіттер жиналып отыр. 2 тамыз – әуе-десант әскерлерінің күні. Бүгін Пестрое көлін жүзіп өтеміз, 10 шақырым жүгіреміз. Әр жігіт Отан қорғауы қажет.
Жігерлі петропавлдық жігіттер мерейтойлық шара арқылы десанттық-шабуылдау әскерлерін, салауатты өмір салтын насихаттағысы келеді. Олар салқын ауа райына қарамады. Пестрое көлінің арғы бетінен жағажайға қарай жүзді.
Су салқын әрі бағыт алған жақтан жел соғып тұр. Бұған кезінде парашютпен секірген десантшылар қарамады. Оларды көлдің екінші жағында достары мен жақындары күтті.
АЛЕКСЕЙ ПОДОРВАНОВ, қала тұрғыны:
— Мұндағы жігіттердің барлығы салмақты, спортқа жақын. Теріс қылықтарын байқаған жоқпын. Бүгін бауырларымды қолдауға арнайы келдім. Менімен бірге әйелім және қызым келді. Олар десантшылардың достығын жоғары бағалайды. Алдағы мерекелер құтты болсын! Тек жақсы себептермен ғана жолығайық.
Көп ұзамай жағалаудан Пестрое көліндегі десантшылар көрінді. Жағалауға жеткен жігіттерді көпшілік қиқумен қарсы алды.
Байболат Құлтанов