Қоғам

Петропавлда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші жандар бір алаңда жүздесті. Петропавлда кезекті мәрте бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Оған 30-ға жуық ұйымы өкілі қатысты. Ұйымдастырушылар шараға 800-ге жуық адамды шақырған. Барлығы – “Еңбек мобилділігі” және Мансап” орталықтарында тіркеуде тұрған жандар.

ТАТЬЯНА АДИЛОВА, қалалық “Мансап” орталығының бөлім басшысы:

— Мұндай шараларды ай сайын өткіземіз. Жәрмеңке қалада ғана емес, бүгін облысымыздың барлық ауданында өтіп жатыр. Қазіргі таңда тұрғындар жұмыссыз ретінде тіркелу үшін орталыққа келмейді, сағаттап кезек күтпейді. Электронды форматта өздерінің түйіндемелерін жолдаса жеткілікті. Адам автоматты түрде тізімге қосылады.

Шараға облысымыздағы алты аудан әкімінің аппаратынан да мамандар келген. Олар мемлекеттік қызметке жастарды шақырады. Мәселен, Жамбыл ауданының өкілдері жұмыс іздеп жүрген жандарға 12 бос орын ұсынды.

БАХЫТЖАН ІЛИЯСОВ, Жамбыл ауданы әкімі аппаратының инспекторы:

— Ауданға есепшілер мен құрылыс саласында жұмыс істейтін мамандар керек. Жалақы 200 мыңнан басталады. Табыс еңбек өтіліне қарай өсе береді.

Жастардан бөлек, жәрмеңкеге 60-қа таяған жандар мен зейнетке шыққандар да жұмыс іздей келіпті. Олар үйде бос отырғысы келмейді, еңбек еткенді, азын-аулақ ақша тапқанды жөн көреді.

НАТАЛЬЯ МАЦКЕВИЧ, қала тұрғыны:

— Әрине, оңай жұмыс жоқ. Дегенмен, істен қашпау қажет. Үйде қол қусырып отырсақ, кіріс кірмейді әрі уақыт та өтпейді. Қолымнан күш кеткенше дейін еңбек етім келеді. Өзіме тәрбиеші, сатушы сияқты жұмыстарды қарастырудамын.

Облыста жұмыссыздық деңгейін төмендету шаралары қарқынды жүріп жатыр. Дәлел ретінде сандарды сөйлетсек. 2024 жылы 20 мың теріскейлік екі қолға бір күрек тапқан. Оның 4 мыңы осындай жәрмеңкелер арқылы қызметпен қамтылыпты. Биылғы көрсеткіш те осы шамада болады.

 

Нұрасыл Ахмет