Қоғам

Облыс кәсіпорындарында 18 адам жарақат алды

2025 жыл елімізде “Жұмысшы мамандықтарының жылы” деп жарияланған болатын. Игі бастаманың басты мақсаты – еңбек адамының мәртебесін арттырып, олардың жұмыс істеу жағдайын жақсарту. Бұл салаға ерекше назар аударылды. Алайда, өндірістік жарақат пен жалақыны кешіктіру мәселесі әлі де өткір күйінде тұр. Аталған бағытта Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің облыстық департаменті өкілдері ауқымды жұмыс атқаруда.

АЗАТ МҰХАНОВ, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті СҚО бойынша департаментінің мемлекеттік еңбек инспекторы:

— Биыл департаментке тұрғындардан 777 астам өтініш түсті. Мамандарымыз өңір кәсіпорындарында 100-ден астам жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде еңбек заңңамасын бұзудың 85 фактісі тіркелді. 36 лауазымды және заңды тұлға жауапкершілікке тартылды.

Жыл басынан бері облыстағы өндіріс орындарында 13 жазатайым оқиға орын алыпты. Нәтижесінде 18 адам зардап шеккен. Қуанышымызға орай, өлім-жітім фактісі тіркелмеді. Ескерер жайт, биылғы статистика былтырғыдан бірнеше есеге аз.

АЗАТ МҰХАНОВ, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті СҚО бойынша департаментінің мемлекеттік еңбек инспекторы:

— Есептік кезеңде облыс бойынша 2854 кәсіпорында мониторинг жүргізілді. Оның 28-і – адам өміріне жоғары кауіп төндіретін өндіріс орындары.

Осы ретте жазатайым оқиғалардың біріне тоқсалсақ. “Петропавловск NORD” серіктестігінің жүргізушісі автобус астында жөндеу жұмыстарымен айналысып жатқан кезде көтергіш құрал сынып кеткен. Нәтижесінде оны қоғамдық көлік басып қалған. Дәрігерлер қызметкердің жағдайын ауыр деп бағалады. Қазір ол ем-дом қабылдап жатыр. Маманға еңбек инспекциясы өкілдерінің араласуынан кейін толық көлемде әлеуметтік және медициналық төлем жасалған.

 

Нұрасыл Ахмет