Петропавлда 100 жылдық тарихы бар нысанды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. “Қалыңдық үйі” аталып кеткен ғимаратты реставрациялау 2024 жылдың желтоқсан айында аяқталған болатын. Алайда, қыс мезгілінде табиғи факторлардың әсерінен бірнеше кемшілік анықталған. Алматылық мердігер өз ісіне 5 жыл жауапты. Сондықтан, “Қазақ материалдық мәдениет ғылыми-зерттеу және жобалау институты” өкілдері тарихи орынның қасбетін өзгертуде.
ӘЛИ ТҰРЫСОВ, СҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы бөлімінің меңгерушісі:
— Бүгінгі күні “Қалыңдық үйінің” қасбеті қайтадан боялып жатыр. Бұл түс бекерден-бекер таңдалған жоқ. Кезінде нысан осындай түсте болған. Оған білікті мамандар ұзақ зерттеудің арқасында көз жеткізді. Маңызды жұмысқа 2 адам жауапты. Бүгінде істің 70 пайызы аяқталды. Алдағы бірер күнде ғимарат толығымен боялады.
Тарихи-мәдени мұраны жаңғырту және қорғау – ұрпақ міндеті. Бүгінгі күні өңірімізде 3 нысан қалпына келтірілуде. Іске 512 млн теңге көлемінде қаржы бағытталыпты.
Ақтолқын Солтанханқызы