Қызылжар ауданының орталығында орналасқан “Бескөл мектеп-колледжі” серіктестігіне талапкерлер қабылдануда. 2019 жылы ашылған оқу орнында 50-ге жуық студент білім алады. Олар 2-ші курстан бастап “Радугаға” қарасты кәсіпорындарда таңдаған мамандығы бойынша тәжірибеден өтеді. Яғни, теория мен практика қатар жүреді. Владислав Тимченко биыл қолына диплом алмақ. “Станок операторы” атанатын жас жасалған жағдайға дән риза.
ВЛАДИСЛАВ ТИМЧЕНКО, студент:
— Біз 1-ші курста колледж қабырғасында білім алдық. Сосын оқыту кестесі өзгерді. Бір апта сабақ оқысақ, бір апта кәсіпорында еңбек еттік. Соның арқасында түрлі станоктың тілін меңгердім. Қазір еш қиындықсыз жұмыс істеймін. Қызметім өзіме ұнайды, лайықты жалақы төленеді. Ал оқуға келсек, тегін білім аламыз, жолақымыз төленеді, түскі ас беріледі. Өте қолайлы.
Мұндай тәсіл жұмыс ұсынушы ұйымға да тиімді. Кәсіпорын басшылығы маман іздемейді. Білімді, тәжірибесі бар жастар қатарға қосылады. 25-ші маусым күні Бескөл мектеп-колледжі талапкерлерді қабылдауды бастады. Алдағы күзден бұл жерде Тимур Айтжанов оқымақ. Ол анасымен бірге құжат тапсыруға келіпті.
ТИМУР АЙТЖАНОВ, талапкер:
— Оқу жылының аяғында мектебімізге “Радуга” серіктестігінен және осы колледжден үгіт-насихат тобы келді. Мамандар барлығын түсіндірді. Сосын кәсіпорынға экскурссияға бардық. Жұмысты көрдік, маған бірден ұнады. Осында құжат тапсыруды жөн көрдім. Жаңа анам екеуміз қосымша сұрақтарға жауап алдық. Білім алуға дайынмын.
Оқу ұясына өңіріміздің кез келген ауданынан жастар түсе алады. Жатақхана бар. Студенттер үйі 30 адамға шақталған.
ТАТЬЯНА МИШКИНА, “Бескөл мектеп-колледжі” ЖШС бас директоры:
— Бізде дуалды оқыту жүйесі бары белгілі. Бұл тәсіл өз жемісін беріп отыр. Биыл мектеп-колледжбен әріптестік орнатқан кәсіпорындардың тізімі толықты. Биылдан бастап студенттер “Петрокондитер” және “Зенченко” командиттік серіктестігіне барып, тәжірибе жинайды. Яғни, өз мамандықтарының қыр-сырын жақынырақ меңгереді. Біз талапкерлерді қабылдауға дайынбыз.
“Бескөл мектеп-колледжі” серіктестігі 25-ші тамызға дейін құжат қабылдайды. Білім алуға ниетті жастар өтінімді egov порталы арқылы да жолдай алады.
Ақтолқын Солтанханқызы