МӘДИНА ҚАБИ, тілші:
— Валиевтер отбасы Аққайың ауданына қарасты Дайындық ауылына осыдан 3 жыл бұрын оңтүстіктен көшіп келген. Жақында ғана жанұяға су жаңа 4 бөлмелі жер үйдің кілті табыс етілді. Баспанамен танысып шығайық.
Көпбалалы отбасы бұған дейін Дайындық ауылындағы екі бөлмелі үйде тұрған. Баспана тарлық етіпті. Енді мұндай мәселе жоқ. Жарық әрі жаңа үйге өздері де, келген қонақ та сияды. Үйге су кіргізілген. Жақында пеш жағылыпты. Қызуы көңілден шыққан. Бұрынғы үйді 2 тонна көмір және 1 тіркеме ағашпен жылытқан жандар жаңа үйдің жағдайын алдағы уақытта көреміз деп отыр.
МАРИЯМ ВАЛИЕВА, Дайындық ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:
— Бұрынғы үй балаларға тарлау болды. Қазір әрбіреуінің бөлмесі бар. Ыдыс жуатын жер бар. Бұрын ыдысты жуып, суын далаға төгуші едім.
Жанұяда 2 ұл және 3 қыз өсіп келеді. Үлкендері енді алаңсыз сабақ оқыса, кішілері асыр салып ойнайды. Тұрғындарға мұндай қуанышты іскер жан сыйлады. Баспананы ауылдағы кәсіпкер Біржан Шаймерденов салып берген.
УБАЙДУЛЛО ВАЛИЕВ, Дайындық ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:
— Біржан аға бізге жаңа үй салып беремін айтқан болатын. Сөзінде тұрды. Үйді алғанда барлығымыз қатты қуандық.
Отбасы бірнеше қой ұстайды. Отағасы мал санын көбейткісі келеді. Алдағы тамыз айында Убайдулло Валиев көпбалалы отбасы ретінде грантқа өтінім бермекші. Мемлекеттік қаржыға қара мал алып, сүт өнімдерін сатумен айналысқысы келеді.
УБАЙДУЛЛО ВАЛИЕВ, Дайындық ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:
— Мен ресми түрде жұмыс істеймін. Ал әйелім ресми түрде тіркелмеген. Сондықтан, грантты жарымның атына аламын. Ақшаға қарапайым сауын сиырын сатып алмақшымыз.
Үй иесі Убайдулло мен зайыбы Мариям ауылдағы мешітте жұмыс істейді. Отағасы имам болса, әйелі Құдайға құлшылық ету орнының ішін тазалайды. Соңғы 5 жылдың ішінде Аққайың ауданына 160 отбасы немесе 703 қандас пен қоныс аударушы көшіп келген. Олардың дені аудан орталығы Смирновода және жол бойында орналасқан Астраханка ауылында тұрақтап қалыпты.
АЙША ИСАХОВА, Аққайың ауданы “Мансап” орталығының маманы:
— Еңбек бағдарламасы бойынша 57 үй салынды. 53 үйге қоныс аударушылар мен қандастар қоныстанды. Биыл тағы 4 үй бермекшіміз. Жыл басынан Аққайың ауданына 8 қоныс аударушы және 4 қандас көшіп келді.
Теріскейді таңдаған адамдардың кейбірі мемлекет көмегіне жүгініп үлгерген. Жыл басынан бері Аққайың ауданында 8 қоныс аударушы грантқа өтінім беріпті. Оларға қаржы бөлініпті, қазір кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Мамандардың сөзінше, көбі мал шаруашылығымен айналысады.
Мәдина Қаби