Мемлекет басшысы шілденің 14-і күні Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңға енгізілген өзгерістерді ресми бекітіп, құжатқа қол қойды. Жаңашылдық қарапайым азаматтар мен жалпы жүйеге қалай әсер етеді? Бұл сұраққа арнайы қорға қарасты облыстық филиалдың директоры Айнагүл Давлетчина жауап берді.
АЙНАГҮЛ ДАВЛЕТЧИНА, “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” СҚО бойынша филиалының директоры:
— Бұл заң қаржылық тұрақтылықты және денсаулық сақтау жүйесінің дамуын қамтамасыз етеді. Заң 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап халықтың әлеуметтік осал топтарындағы бір миллионнан астам адамды медициналық сақтандыру жүйесімен қамтуға мүмкіндік береді. 2027 жылдан бастап мемлекет тарапынан жарналар көлемін ұлғайту және жоғарғы шекті көбейту бойынша есептеу базасын өзгерту бойынша болжанатын нормалар есебінен МӘМС жүйесінде айтарлықтай елеулі қаражат жинақталатын болады.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыруды тапсырды. Осыған байланысты халықты МӘМС жүйесімен қамтуды кеңейтуге мүмкіндік беретін жаңа шаралар енгізілді. Енді билік әлеуметтік әл-ауқаттың дағдарысты және шұғыл деңгейіне жататын азаматтар үшін жарналар төлейтін болады. Бүгінде өңірде бұл топқа 26 312 адам жатады. Сондай-ақ, жаңашылдықта жарна төлеуде үзіліс болған жағдайда сақтандыру мәртебесін сақтау үшін жаңа норма енгізілді.
АЙНАГҮЛ ДАВЛЕТЧИНА, “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” СҚО бойынша филиалының директоры:
— Енді азаматтар кемінде бес жыл қатарынан жарна төлеген болса, уақытша төлем тоқтатылған жағдайда алты айға дейін сақтандырылған мәртебесін сақтай алады (бұған дейін бұл мерзім 3 ай болатын). Мәселен, азамат бірнеше жыл бойы тұрақты түрде жұмыс істеп, жарналарын уақтылы төлеп келсе, бірақ кейін жұмысынан айырылып, табыссыз қалған жағдайда оған МӘМС аясында медициналық қызмет көрсетіледі. Алайда кейін сол айлардағы берешекті өтеу қажет болады.
Тағы бір маңызды өзгеріс. Онкологиялық скринингтер 2025 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап ТМККК тізіміне өтеді және МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесіне қарамастан барлық азаматтар үшін тегін болады. Сондай-ақ, 11 әлеуметтік мәні бар ауруға күдік туындаған жағдайда консультативтік-диагностикалық көмек тегін көрсетілмек. Жалпы, қазіргі уақытта теріскейліктердің 82,6%-ы сақтандырылған болса, 92 мың жан сақтандырылмаған мәртебесіне ие.
Ақтолқын Солтанханқызы