Қоғам

Кәсіпкер азаматшалар бизнес жүргізу бойынша тегін курстан өтуде

Ерлермен иық тірестіре кәсібін дөңгелетіп отырған әйелдерге тамаша мүмкіндік! Петропавлда нәзікжандыларға арналған “Табыс Qyz” атты тегін оқыту курсы басталды. Бастама облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі салалық кеңестің қолдауымен жүзеге асты. Қатысушылар алдағы 25 күн бойы білікті оқытушылардан бизнестің қыр-сырын үйренетін болады.

ӘСЕЛ САМАРАТОВА, СҚО кәсіпкерлер палатасы шағын бизнесті дамыту бөлімінің басшысы:

— Тегін курсты бастамас бұрын өңірдегі кәсіпкер әйелдер арасында іріктеу өткіздік. 10 азаматшаны іріктеп алдық. Нәзікжандылар 21 тамызға дейін бизнесті жүргізудің негізгі аспектілерін қамтитын 8 модуль негізінде оқудан өтеді. Білікті мамандар маркетинг, қаржы және жеке тиімділік сияқты маңызды бағыттар бойынша бар білгендерін үйрететін болады.

Оқыту курсының алғашқы модулі салықтық және бухгалтерлік есептің қыр-сырына арналды. Бұл бағыт бойынша нәзікжандыларға 22 жылдық тәжірибесі бар есепші Юлия Максаймер білім берді. Ол есеп-қисап жағынан барынша ұқыпты болу үшін Салық кодексін жіті білген дұрыс деп есептейді. Спикер өз сабағында жеке кәсіпкерлік пен серіктестіктің айырмашылығы жайында және кәсіпкерлікке алғаш қадам басқан жандар жиі жіберетін қателіктері жайлы айтып берді.

ЮЛИЯ МАКСЕЙМЕР, жеке кәсіпкер, бугхалтер:

— Өзімнің бухгалтерлік фирмам бар. 200-ден астам компанияға қызмет көрсетеміз. Қол астымда 22 адам жұмыс істейді. Егер өзіңіздің жеке кәсібіңізді ашсаңыз, өте ұқыпты болған абзал. Құжаттарды толтырған кезде кемінде 3 рет қайта оқып шығуларыңыз керек. Бір саннан қателесу арқылы үлкен шығынға батуыңыз мүмкін.

Нәзікжандылар оқыту курсы соңында арнайы құжат алады. Ол үшін сабақтардың 80 пайызына қатысу міндетті.

 

Нұрасыл Ахмет